СҚО бойынша 4,5 млн гектар жерге дән себіледі

Солтүстік Қазақстан облысында көктемгі тасқыннан зардап шеккен тұрғындарды қара суық түскенше баспанамен қамту керек.

Өңірге жұмыс сапарымен барған Премьер-министр осылай деді. Олжас Бектенов «Бірлік» шағынауданының тұрғындарымен кездесті. Жақында оларға 53 пәтердің кілті берілді. Қазір осы жерде демеушілердің көмегімен 700 үй мен балабақша салынып жатыр.

Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:

- Үй – адамның ең қымбат дүниесі. Сондықтан Мемлекет басшысы шығынның орнын толтыру туралы тапсырма берді. Ортақ істен кәсіпкерлер де шет қалған жоқ. Ал сіздерге осындай қиын кезде шыдамдылық танытқандарыңыз үшін алғыс айтамын.

 

4,5 млн гектар жерге дән себіледі

Сонымен қатар Олжас Бектенов комбайн зауытында болды. Биыл кәсіпорында 500-ден аса ауыл шаруашылығы техникасы құрастырылады. Көктемгі егіс науқаны барысы да Үкімет басшысының назарынан тыс қалған жоқ. Облыс бойынша 4,5 миллион гектар жерге дән себіледі. Өңір жыл сайын елдегі жалпы астық көлемінің 25%-іне дейін және майлы дақылдардың үштен бірін қамтамасыз ету арқылы осы салада көшбасшы болып отыр. Егіс науқаны жақын күндері толығымен аяқталады. Бүгінгі таңда 2,3 млн га алқапқа жоспарланған минералды тыңайтқыш көлемінің 65%-і себілді. Аталған іс-шаралармен барлығы 3 млн га егіс алқабы қамтылады. Диқандар көктемгі егіс жұмыстарын уақытылы әрі сапалы өткізу мақсатында барлық қажетті ресурстармен қамтамасыз етілген. Олжас Бектенов өңірдегі ірі мал шаруашылығы өкілдерімен де кездесіп, олармен саланы одан әрі дамыту келешегін талқылады. Ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің 49% астамы мал шаруашылығының үлесіне тиесілі екенін атап өтті.