Соңғы 3 жылда Оңтүстік Кореяға 100 мыңға жуық қазақстандық барған
Оңтүстік Кореямен арадағы туризм де түлеп жатыр, деп хабарлайды 24KZ.
Ұлттық статистика бюросының дерегіне сәйкес 2020-2023 жылдар аралығында Оңтүстік Кореядан ел аумағына 61 мыңға жуық жолаушы келген. Ал Қазақстаннан Кореяға 95 мың азамат барған.
Соңғы 3 жылда Оңтүстік Кореяға 100 мыңға жуық қазақстандық барған
Мирлан Алтынбек, тілші:
- Бұл – Сеул қаласындағы Намсан мұнарасы. Биіктігі – 480 метр. 2016 жылға дейін елдегі ең биік нысан саналған. Алайда 2016 жылы оңтүстіккореялық кондитерлік конгломераттардың бірі қаланың қақ ортасында өз мұнарасын тұрғызған соң осы аумақ биіктігі бойынша екінші орында қалды.
Таудың төбесі арқылы жаугершілік заманда дұшпаннан төнер қауіп туралы алдын ала ескертіп отырған. Дабыл белгісін шамшырақтардың жану жиілігі бойынша анықтаған. Ара-тұра бір мәрте жануы жағдайдың тұрақты әрі қауіпсіз екенін білдірген. Чосон әулетінің бас сарайы, тарихы терең Кёнбоккуң туралы білмейтін адам әлемде кемде-кем. 1395 жылы негізі қаланған. Мұндағы қарауыл күніне тек 2 мәрте ауысады. Салтанатты рәсімнен көз жазып қалмау үшін туристер ұзын-сонар кезекке тұрады. Ал Кореяның ұлттық киімін киіп келсеңіз, кіру тегін.
Кёнбоккуң сарайының аумағы футбол стадионынан 10 есе үлкен. Туристердің ең көп жиналатын орны. Әлем бойынша тіпті үздік ондыққа кіреді. Мәселен, өткен жылы қазан айында 1 күннің ішінде 100-150 мың турист қабылдаған.
XIV ғасырдың соңында сарай тұрғызылғанда ел астанасы Каеджонг Сеул қаласына ауысады. Осыған байланысты бұл жерді шаһар тарихымен біте қайнасып кеткен басты жәдігер деуге болады. Бұл – Чхонвадэ резиденциясы. Халық арасында «Көк үй» деп аталады. Тәуелсіздік алғалы бері Оңтүстік Корея президенттері Ли Сын Маннан бастап, Мун Чжэ Инге дейін осы резиденция аумағын жұмыстан кейінгі демалыс орны ретінде пайдаланған. Қадірлі меймандармен ресми кездесулер өткізіп, халықаралық деңгейде сұхбат құрған. 2022 жылы аумақтағы негізгі ғимараттардың есігі туристер үшін айқара ашылды.
Бұл жерге соңғы 2 жыл ішінде 5 млн турист келген. Жалпы Чхонвадэ аумағындағы алғашқы нысандар ХІ-ХІІ ғасырларда Корё әулетінің билігі кезінде салынды. Алайда жапон басқыншыларына қарсы жүргізілген соғыс салдарынан біраз ғимарат қирап қалды. Араға 2 ғасыр салып, бұл аумақ қайта жаңғыртылды.
Резиденция аумағында түрлі тал көп. Мәселен, бұталарының пішіні бұлт тәріздес бұл Бонсай қарағайы, гидтің айтуынша, тек жағымды энергияны қабылдайды. Осының арқасында жайқалып өсіп тұр. Жапырақтары ыдыс тәріздес көпжылдық қарағайлар да бар. Бірақ жалғыз тұрған мына бір қарағай – көненің көзі. Корея тарихының қайғылы да, қуанышты сәттерінің куәсі. Жасы 7,5 ғасырға жуықтайды. Мұның барлығы ерекше күтімнің арқасы екені сөзсіз.
Қазақстанда су тапшы, Кореяда жер тапшы
Өйткені Оңтүстік Корея – егіншілік пен өсімдік шаруашылығы саласында алдыңғы қатардағы ел. Күріш сияқты көп суды қажет ететін өнім өсіруден тәжірибесі мол.
Мирлан Алтынбек, тілші:
- Қазақстанда жер жетеді. Бірақ судан тапшылық бары рас. Ал Оңтүстік Кореяда бәрі керісінше. Судан тапшылық жоқ, бірақ жер жетіспейді. Осыған байланысты Кореяда мынадай смарт-фермалар көптеп ашылып жатыр. Оның өніміне де сұраныс жоғары. Мысалы, менің қолымдағы мына базилик өсімдігі жаз айларында 10 есе қымбаттайды.
Сеул қаласындағы Сандо метро станциясында орналасқан жерасты жылыжайын биыл сәуір айында Оңтүстік Кореяның ауыл шаруашылығы министрі Сон Ми Рён де көрген. Көріп, тік фермалар индустриясының болашағы зор екенін айтқан.
Пак Ён Джу, «Planty Farm» компаниясы директорының орынбасары:
- Жабық кеңістік ішінде өсімдік шаруашылығымен айналысу – бұл заман талабы. Әсіресе қалалық жерлерде өте қажет. Бәрі таза әрі жаңа піскен өнім жегісі келеді. Қала тұрғындарына ауылға немесе шалғай аудандарға барудың қажеті жоқ. Біз оларға керек азық-түлік өнімін қысқа уақыт ішінде өсіріп, ешбір делдалсыз сол бойда сатамыз. Бұл ісімізді маусым талғамай, жыл 12 ай дөңгелетіп отырмыз. Қазір Моңғолия және Кувейт елдерімен әріптестік орнаттық.
Суды үнемдеу технологиялары және жылыжайдағы ауа температурасын тәулік бойы уақытылы ауыстырып отыру тәсілдері бар. Бұл салада Оңтүстік Корея Орталық Азия елдерімен тығыз байланыс орнатқысы келеді. Әлбетте, оның ішінде бірінші кезекте Қазақстанмен.
Авторлары: Мирлан Алтынбек, Мұрат Әріпханов.