Сенат республикалық бюджет туралы заңды Мәжіліске қайтарды
Сенат бүгін республикалық бюджет туралы заңның жекелеген баптарын жаңа редакцияда ұсынып, оны Мәжіліске қайтарды. Құжатты талқылау кезінде ауызсумен, газбен қамту, жылу-электрэнергетикасы жүйесіне, көлік инфрақұрылымы мен өңірлердің дамуына және «Ауыл – ел бесігі» жобасына қосымша шығын есептелді.
Жалпы бюджетте әлеуметтік салаға басымдық берілген. 38%-і, яғни 10 триллион теңгеге жуық қаражат осы бағытқа арналса, денсаулық сақтау саласына 2,5 трлн, білім саласына 1 трлн, күштік құрылымдарға 2 трлн 700 млрд теңге қарастырылған. 2025 жылы республикалық бюджетке 22 трлн теңге түседі деген болжам бар. Ал тапшылық жалпы ішкі өнімге шаққанда 2,7% деңгейінде болуы мүмкін. Ол Ұлттық қор есебінен толықтырылмақ. Алдағы үш жыл бойы Ұлттық қордан жыл сайын 2 трлн теңге алынады. Сенат арнайы заңды мақұлдады. Құжатта Ұлттық қордан алынатын трансферт көлемі мұнайдың болжамды бағасына қарай белгіленген. Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаровтың айтуынша, Ұлттық қордың таза валюталық активтері болжам бойынша 2025 жылы 62,2 млрд АҚШ долларын құрайды.
Нұрлан Байбазаров, ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Ұлттық экономика министрі:
- Біз қазір Ұлттық банк пен Үкімет арасында нысаналы трансферттердің көлемін бюджеттік қағидаларға сәйкес шектеу туралы мәселені қарастырып жатырмыз. Жақында нақты шешім қабылданады. Экономикалық саясат кеңесінде бұл мәселені толығымен қайтадан қарастырып, бір шешімге келеміз. Жалпы біздің негізгі ойымыз Ұлттық банкпен бір жерден шығып жатыр. Нысаналы трансферттерді шектеу қажеттігі байқалады. Бірақ бұл қалай жасалады, қандай көлемде болатынын анықтап ұсынамыз.