Қазақстанда қалдық экспортының көлемі артты

Қазақстан қағаз және пластикалық қалдық экспортының көлемін арттырып жатыр.

Ұлттық статистика бюросы ұсынған дерекке сәйкес биыл қаңтар-шілде айларында шетелге 11 мың тоннадан астам нығыздалған бөтелке мен пластик сатылған. Бұл көрсеткіш былтырғы жартыжылдықпен салыстырғанда шамамен 29 пайызға көп. Өткен жылы сыртқа сатылған шикізаттың жалпы көлемі 16 мың тоннаға жуықтады. Бұл 2018 жылдан бергі ең жоғары нәтиже саналады. Ал қағаз қалдықтар бойынша биыл алғашқы 7 ай ішінде 13 мың 400 тонна макулатура экспортталған. Былтырғы көрсеткіштен шамамен үш жарым есе көп. Отандық шикізатты сатып алатын елдердің көш басын көрші Ресей Федерациясы бастап тұр. Ол жаққа экспортталған тауар үлесі 53 пайызға тең. Өзбекстан Республикасында да қазақстандық қалдықтарға сұраныс жоғарылап, сатып алу үлесі 44,7 пайызға жетті.