Сенаторлар ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу мәселесін талқылады
Елде қайта өңделген ауыл шаруашылығы өнімдерінің үлесін алдағы 3 жылда 70%-ке жеткізу міндеті тұр, деп хабарлайды 24KZ. Сонымен қатар саланың экспорттық әлеуетін арттыру басты назарда. Сенаттың аграрлық комитеті Алматы облысында көшпелі отырыс өткізді. Онда алға қойылған мақсаттарға жету жолдары талқыланды.
Комитет төрағасы Әли Бектаев: «Ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу – бұл ел экономикасын нығайтуға, импортқа тәуелділікті азайтуға және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ықпал ететін стратегиялық маңызды бағыт», – деді. Дамуды тежеп отырған проблемаларды шешу үшін қаржылай қолдау мен технологиялық инновацияны жаңғыртудың кешенді шаралары қажет. Отырыста бірқатар ұсыныс та қаралды. Ол – кәсіпорындар мен өндірушілер арасындағы ынтымақтастықты жақсарту, ауыл шаруашылығы кооперациясын дамыту және ірі агроөнеркәсіп холдингтерін құру.
Әли Бектаев, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
- Негізі ауыл шаруашылығындағы ең үлкен перспектива – ол өндірілген, қайта өңделген өнім. Біз қайта өңдеу мәселесінде артта қалып бара жатырмыз уақыттан. Қазір, мысал үшін, бидайдан тек қана ұн шығару ол қазіргі талапқа сай келе бермейді. Біз терең өңдеу арқылы ауыл шаруашылығында өндірілген өнімдердің қосымша құнын көбейте аламыз. Яғни, біз қымбат бағаға сата аламыз. Сөйтіп, кәсіпорындардың экономикалық жағдайын тұрақтандырамыз.