Зейнетақы 8,5% өседі

Президент тапсырмасы бойынша 2027 жылға дейін зейнетақының ең төменгі базалық мөлшерлемесін ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70%-ке, ал жоғарғы шегін 120%-ке жеткізу қажет.

Зейнетақы 8,5% өседі

Келесі жылы айлық есептік көрсеткіш мөлшері 240 теңгеге өседі. Яғни 3 692 теңгеден 3 932 теңгеге көтеріледі. Соған сәйкес мемлекет тарапынан берілетін жәрдемақылар мен зейнетақылар көлемі де ұлғаяды. Зейнетақының ең төменгі мөлшері  –  62 771 теңге болмақ. Қазір бұл – 57 853 теңге. Базалық зейнетақы 32 360 теңгеге жетеді. Ал биыл базалық зейнетақы  – 28 215 теңге болды. Сондай-ақ ең төменгі күнкөріс деңгейі 43 407 теңгеден 46 228 теңгеге артады. Тек ең төменгі жалақы деңгейі ғана сол биылғыдай, яғни 85 мың теңге көлемінде қалмақ.

Үкімет зейнетақы төлемдерін ел тұрғындарының жасы мен еңбек еткен жылдарына қарай 8,5%-ке дейін ұлғайту жоспарлап отыр. Жалпы, Президент тапсырмасы бойынша Әлеуметтік кодекс шеңберінде 2027 жылға дейін ең төменгі базалық зейнетақы мөлшерін ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70%  жеткізу көзделген.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша базалық зейнетақының мөлшерін кезең-кезеңімен өсіру жалғастырылады. 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап ортақ зейнетақыны – 8,5%-ке, әлеуметтік жәрдемақылар мен базалық зейнетақыны 6,5 %-ке жыл сайынғы индекстеу жүзеге асырылады. 2025 жылға арналған республикалық бюджетте әлеуметтік төлемдердің 42 түріне 6 трлн теңгеден астам сомада шығыстар көзделген. 2024 жылмен салыстырғанда өсім 12,5 % құрайды.

ҚР Ұлттық экономика министрлігі. 2024 жыл

1 АЕК – 3 692 тг

Ең төменгі зейнетақы – 57 853 тг

Базалық зейнетақы – 28 215 тг

Күнкөріс деңгейі – 43 407 тг

Ең төменгі жалақы – 85 000 тг

2025 жыл

1 АЕК – 3 932 тг

Ең төменгі зейнетақы – 62 771 тг

Базалық зейнетақы – 32 360 тг

Күнкөріс деңгейі – 46 228 тг

Ең төменгі жалақы – 85 000 тг

 

11 айда ₸3,4 трлн зейнетақы төленді

 Қазір елде 2 млн 400 мыңнан астам зейнеткер бар.  Оларға жыл басынан бері республикалық бюджеттен 3,5 трлн теңгеге жуық зейнетақы төленді. Оның ішінде, базалық зейнетақыға – 1 трлн 82 млрд теңге, ынтымақты зейнетақы төлеуге – 2 трлн 355 млрд теңге бөлінді. 1 желтоқсандағы жағдай бойынша жиынтық зейнетақының орташа мөлшері 131 556 теңгеге жетті. Мұнда ынтымақты зейнетақы мөлшері – 88 967 теңге, базалық зейнетақы – 42 589 теңге.

Жалпы 2018 жылғы 1 шілдеден бастап мемлекеттік базалық зейнетақы төлемі әр адамға жеке тағайындалады. Бұл жерде азаматтың зейнетақы жүйесіндегі өтілі ескеріледі. Яғни 1998 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша ынтымақты жүйеде жұмыс істеген уақыты есепке алынады.

Міндетті зейнетақы жарналары төленген кезеңдер зейнетақы жүйесіндегі еңбек өтіліне қосылады. Мәселен, егер азаматтың зейнетақы жүйесіндегі өтілі 10 жылдан аз немесе мүлде жоқ болса, базалық зейнетақы мөлшері ең төменгі күнкөріс деңгейінің 65%-ке тең болады. Бұдан кейін 10 жылдан асқан әр жыл үшін оның мөлшері 2%-ке артады. Егер зейнетақы жүйесіндегі өтілі 20 жыл болса, базалық зейнетақы төменгі күнкөріс деңгейінің 85%-і көлемінде болады. Ал еңбек өтілі 30 жыл немесе одан көп болса, күнкөріс деңгейінің ең жоғарғы мөлшерінде, яғни 105% мөлшерінде белгіленеді.

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі

Төленген зейнетақы көлемі

1 желтоқсан, 2024 жыл

Зейнеткерлер – 2 млн 428 мың

Зейнетақы – 3 трлн 436,4 млрд тг

Базалық зейнетақы – 1 трлн 81,9 млрд тг

Ынтымақты зейнетақы – 2 трлн 354,5 млрд тг

Жиынтық зейнетақы – 131 556 тг

Салымшылар ₸46,3 млрд зейнетақы жинақтарын шешіп алды

Өткен айда зейнетақы қорынан зейнетақы жинақтарын шешіп алғандар саны артты. Басым бөлігі шоттағы ақшаларын тұрғын үй жағдайын жақсартуға жұмсады.  Бұл мақсатта 56 мыңнан астам өтініш түскен. Қазан айымен салыстырған 25 % артық. Барлығы 46,3 млрд теңгеге жетті. Ал емделу мақсатында 21 мыңға жуық өтініш берілді. Қордан аударылған ақша сомасы 20,5 млрд теңгеге жетті.

Жалпы шілде айынан бері зейнетақы қорынан ақша шешу қарқыны артты. Себебі сол кезде зейнетақы қорынан ақша шешуге тыйым салынатыны туралы қауесет тараған еді. Соның нәтижесінде шілде айында берілген өтініш саны бірінші жартыжылдықтағы орташа көрсеткіштен екі есе жоғары болды. Кейінгі айларда бұл көрсеткіш төмендеген жоқ. Ал қараша айындағы белсенділікті мамандар жыл соңы таяп қалғанымен байланыстырады. Себебі қаңтар айынан бастап жеткіліктілік шегі өзгеріп, өсіп кететіні белгілі.

Зейнетақы жинақтарын жұмсау

қараша, 2024 жыл

Баспана жағдайын жақсарту – 56,6 мың өтініш, 46,3 млрд тг

Емделу – 20,8 мың өтініш, 20,5 млрд тг