Шымкентте кәсіпкерлер салықтан жалтармақ болған

Шымкентте кәсіпкерлер өзіне тиесілі нысандардың құнын нарықтағыдан 17 есе арзан  көрсеткен.  

Мейрамхана мен тойханалар, қонақ үй мен сауда орталықтарының иелері салықтан жалтару үшін  осындай қулыққа барған. Олар мұны жеке компаниялар арқылы іске асырған. Мемлекеттік кірістер департаментінің мамандары тексеру жүргізіп, мүлік салығын сәйкестендіргеннен кейін бюджет кірісі 3,1 миллиард теңгеге көбейді. Бағалаушы компанияларды қазір прокуратура тексеріп жатыр. Сонымен қатар табысын азайтып көрсеткендер мен салықтан жалтарғандарға қатысты  тексеру тағайындалып, 80-ге жуық зерттеу жүргізілді. Көлеңкелі экономикамен күрес нәтижесінде  жергілікті бюжет кірісі соңғы 3 жылда 2,5 есе ұлғайып, 363 миллиард теңгеге өскен.

Жомарт Арынтаев, қалалық кірістер департаментінің басқарма басшысы:

- 10693 кәсіпкерлік нысаны тіркелген. Оның ішінде 78% төмен көрсетіп келген болатын. Жұмыстарымыздың нәтижесінде бір шаршы метріне шаққанда 250 мың теңгеден төмен салық төлеушілер қазір 34% азайды. Одан түскен салықтар көлемі 30% артты немесе 3,1 млрд теңгені құрап отыр.