Мемлекет басшысы: Теңге бағамы ұзақ уақыт тұрақтылығын сақтап тұрды
Доллардың нығаюынан дамушы елдердің валютасы қысым көреді. Мемлекет басшысының айтуынша, көптеген мемлекеттің валютасы қараша айынан әлдеқайда бұрын әлсірей бастаған, деп хабарлайды 24kz.
Ал теңгенің бағамы ұзақ уақыт тұрақтылығын сақтап тұрды. Президент елдегі қаржы-валюта саясатының хал-ахуалы жайында пікірін білдірді. «Біз еркін бағам қалыптастыру жолын таңдадық. Мен теңгені күшейту үшін еліміздің алтын-валюта қорын босқа ысырап ету орынсыз деп санаймын», - деді ол. Мемлекет басшысы қазір нарыққа қатысы бар кейбір құрылымдар теңге бағамын басқаруды қолайлы ету туралы ұсыныстар айтып жүргенін, Ұлттық банк пен Үкімет оның бәрін мұқият қарастырып жатқандығын айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Ашығын айтсам, экономист басшылардың қазіргі жұмысын орташа деп бағалаймын. Олар халықаралық қаржы институттарының тілімен әдемі сөйлейді, алайда нақты нәтижесі бар шаруа шамалы болып тұр. Қазір өңірлердегі ахуалды және экономиканың іс жүзінде қалай жұмыс істейтінін жақсы білетін, яғни, жергілікті жерде еңбек етіп, ысылған мамандар қажет.