2024 жылы ел экономикасына ₸16 трлн инвестиция тартылды

Елде негізгі капиталға салынатын инвестиция көлемі баяулады, деп хабарлайды 24kz.

Былтыр 11 айда өсім 103%-ті көрсетті. Бұл 2023 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 8%-ке төмен. Сарапшылар бұл үрдісті елдегі ірі жобалардың аяқталуымен байланыстырады. Десе де, 2024 жылы ел экономикасына 16 трлн теңге инвестиция тартылды.

Серік Селеубайұлы, тілші:

- Жыл басынан бері ел экономикасына 16 трлн теңгедей қаржы тартылды. Оның ішінде тау-кен өндірісіне салынатын инвестициялар төмендеп, шикізаттық емес секторда өсім бар. Бұл Теңіз кен орнын кеңейту жобасының аяқталуымен байланысты. Сонымен қатар шикізаттық емес сектордағы инвестициялар 108,1%-ке өсті.

Әлжан Естемесов, «Kazakh Invest» ҰК» АҚ Жобалар департаменті директорының орынбасары:

- Қазір бүкіл әлемде өңдеуді шикізатқа жақын жерде жасау трендке айналды. Сондықтан көптеген елдің компаниялары Қазақстанға қызығып тұр. Бізде тау-кен, мұнай саласындағы шикізат қана емес, ауыл шаруашылығының шикізаты көп. Атап өтсек, ауыл шаруашылығы саласында бидай өңдеу саласы қызық болып тұр. Қазақстанда жылына 15-20 млн тонна бидай орылады. Бірақ өзіміз пайдаланатыны 6-7 млн тонна. Қалғаны экспортқа кетеді.

Яғни, Қазақстан экономикасы әртараптандыру үрдісі жүріп жатыр. Шағын бизнестің де белсенділігі артқан. Бұрын ірі мұнай және металлургия компаниялары негізгі капиталға салынатын инвестициялардың 50%-тен астамын қамтамасыз ететін. Бірақ соңғы төрт жылда олардың үлесі 33%-ке дейін төмендеп келеді. Ал шағын бизнес рекордтық өсім көрсетіп, 2024 жылы елдегі инвестициялардың 58%-ін құрады.

Ернар Серік, Сауда және инвестициялық саясат бойынша сарапшы:

- Шетелдік кезінде ірі компаниялар келсе, қазір орташа немесе кішкене компаниялар келіп жатыр бізге инвестиция құюға. Ол дегеніміз, біздің инвестициялық саясатымыздың бағыты дұрыс деген. Дұрыс деп ойлаймын. Бірақ әлі де жұмыс істейтін тетіктер бар.

Соңғы 20 жылда ел экономикасына 416 млрд доллар шетелдік инвестиция салынған. Ең көп қаржы құйғандар қатарында Нидерланды, АҚШ, Швейцария және Қытай бар. Алдағы 5 жылда дәл осынша қаражат тарту жоспарда бар.

Авторы: Серік Селеубайұлы