Онлайн сауда базарды ығыстырып жатыр

Онлайн саудадан түскен табыс мөлшері де жыл сайын еселеп артып жатыр. Пандемиядан басталған онлайн сауда қазір қарыштап тұр. Ұлттық статистика бюросының дерегіне сенсек, кейінгі бір жылда Қазақстандағы маркетплейстердің сауда айналымы 1,8 трлн теңгені құрады. Солай екенін әр қалада қаптап кеткен тауарды алып кету пунктерінен де байқауға болады.

Қуаныш Жеткерген, кәсіпкер:

- Мұнда 200 млн-ға дейін түрлі тауар бар. Ыдыстан бастап, киімге дейін, мысықтың тамағына дейін былай айтқанда, бала-шағаға кез келген заттың бәрі бар. Астана қаласында қазір 170 нүктесі бар, әлі де 100 нүкте ашылу керек деген сыбыс естіліп жатыр.

Кәсіпкерлердің айтуынша, тауарды алып кету пункттеріне күніне 100-150 адам келеді. Тұрмыстық заттар, киім-кешек, ойыншық – түрлі тапсырыстарын алып кетіп жатады.

Сауда және интеграция министрлігінің ақпаратына сәйкес, 2020 жылы электронды саудадан түскен табыс көлемі 476,7 млрд теңге болса, былтырғы жылдың қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш 2,4 трлн теңгеге жеткен. Яғни, нарық үш-ақ жылда 5 есе ұлғайған. Ал оның 72,4%-і маркетплейстерге тиесілі.

Ал келесі графикаға назар аударсақ, осыдан 5 жыл бұрын, яғни 2019 жылы елдегі онлайн сауда үлесі 1,8% ғана болса, кейінгі екі жылда оның 12%-тен асқанын көре аламыз.

Айгүл Оразаева, ҚР СИМ Электрондық және биржалық сауда департаментінің бас маманы:

- Бекітілген көрсеткіштер бойынша министрліктің алдында 2030 жылға дейін электрондық сауда үлесін 20%-ке арттыру міндеті тұр. Ал қазіргі таңда ол бізде 12,7%-ті құрайды.

Онлайн сауданың етек жаюы дәстүрлі саудагерлерге қалай әсер етіп жатыр? Олардың жағдайы не болады?

Астана сауда үйлері қоғамының мүшесі Мұхтар Есболғановтың айтуынша, жалпы елдегі еңбекпен қамтылған азаматтардың 16,8%-і осы дәстүрлі сауда секторында жүр. Олардың 5-7%-і жыл сайын дүкендерін жауып жатыр. Сондықтан базардағылардың саудасы мүлде жойылып кетпесе де, сұйылып жатқаны байқалады.

Мұхтар Есболғанов, Астана сауда үйлері қауымдастығының мүшесі:

- Базарларда жүргізіп жүрген саудагерлер саны қазіргі күнде 400-600 мың адам. Ал асырап отырған отбасыларымен 2 млн адам. Сонда тірі саудаға қарап отырған 2 млн біздің азаматтарымыздың ертең жұмыссыз қалуы мүмкін.

Оған себеп екі жақтың сауда жүргізу мүмкіндіктері тең емес. Мысалы, электронды саудада салық мәселесі дұрыс қаралмаған. Ал дүкеншілер түрлі шығындарына байланысты тауарын үстемелеп сатуға мәжбүр. Қалай десек те, электронды сауда халық үшін тиімді болып тұр. Сондықтан үлесі де арта берері анық. Бұған көз жеткізген дүкеншілердің көбі қазір жағдайға бейімделіп, әлеуметтік желіде сатуға машықтанды.