СҚО-да су тасқыны жағдайы дронмен бақыланады

Солтүстік Қазақстан облысында көктемгі су тасқыны кезеңінде дрондар арқылы мониторинг жүргізіледі.

Қашықтықтан басқарылатын аппараттардың көмегімен өзен-көлдердің арнасы мен судың жайылу аумағы бақыланады. Қауіптің алдын-алу мақсатындағы іс-шаралар жоспары аймаққа жұмыс сапарымен барған Преьмер-министр Олжас Бектеновке таныстырылды.

Көктемгі су тасқыны кезінде Солтүстік Қазақстан облысында алты аумақтан дрондар ұшырылады. Әр аппарат 7 шақырым қашықтыққа дейін ұзап, әуеде 45 минут жұмыс істей алады. Дрондар оқиға орнынан дер кезінде ақпарат алып, сала мамандарының жұмысын үйлестіруге көмектеседі.  

Абылайхан Оспанов, «Қазақтелеком» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары:

- Дрондар арқылы ең қауіпті аймақтардан онлайн режімінде ақпарат жедел басқару орталығана түседі. Жағдайдың өрбуіне байланысты 7 дронға дейін әуеге көтеріледі деп жоспарлап отырмыз.

Бұдан бөлек өңір құтқарушыларының резервінде тағы 14 дрон бар. Былтырғы тасқын уақытында бұл аппараттардың көмегімен  су басқан аумақтар анықталып, адамдарды іздестіру жұмыстары жүргізілген болатын.

Ернар Рүстем, СҚО ТЖД бас маманы:

- Жету қиын жерлерге осы дрондарды қолданамыз. Бұларда сонымен қатар тепловизорлық мүмкіндіктері бар. Яғни қараңғы кезде, түнгі уақытта да іздестіру жұмыстарын жүргізе беруге болады.

Петропавл халқын сумен қамтамсыз етіп отырған су сорғы станциясы да күрделі жөндеуден өтті. Былтырғы тасқын кезінде бұл жерді де су басып, шаһар тұрғындары бірнеше күнге тіршілік нәрінен қағылған болатын. Құрылыс монтаждау жұмыстарына 3 млрд теңге жұмсалып, заманауи құрал-жабдықтар сатып алынды. Жобаны жүзеге асыруға демеушілер көмектесті.

Әлібек Серіков, мердігер ұйым директоры:

- Бұл заманауи сорғылар аумақты су басса да тоқтаусыз жұмыс жасай береді. Олар өте қуатты. Құрылыс жұмыстары кезінде осы жабдықтарды жерден төрт метр биіктікке орнаттық.

Станцияның сыртқы қоршаулары да жаңартылды. Қандай да бір жағдай кезінде мұндағы қондырғыларға зақым келмейді.

Қанат Дүзелбаев, СҚО әкімінің орынбасары:

- Биіктігі 4,5 метрлік жаңа плиталар орнатылды. Бұрынғы қоршау анағұрлым аласа болатын. Былтырғы тасқын кезінде мұздың үлкен кесектері оларды қиратып өтті. Қазір мұның бәрін қалыпқа келтірдік. Станция алты электр көзімен жұмыс істейді. Апаттық жағдай туындаған жағдайда олар дизель генераторына қосылып, жұмысын жалғастырады. 

Өткен көктемде су тасқынынан зардап шеккен Петропавл қаласының шағын аудандары бүгінде қорғаныс бөгеттерімен қоршалған. Бірақ бұның өзі шаһар аумағын қызыл судан қорғауға жеткіліксіз.

Серік Мұхамедиев, Петропавл қаласының әкімі:

- Заречный Есіл өзенінің жайылмасында орналасқан. Біз оны зерттеп, жобалық институттан қорытынды алдық. Бұл шағын ауданды толықтай су тасқынынан қорғау мүмкін емес. Қазіргі уақытта тұрғындарды көшіру туралы шешім қабылданды. Облыс бюджетінен қаражат бөлініп, екі көпқабатты үйдің құрылысы басталды.

Көктемде Есіл өзеніндегі су деңгейі қатты көтерілуі мүмкін деген болжам бар.Тасқынға тосқын қою мақсатында билік қосымша канал қазды. Ол екінші жасанды арна болады.

Қымбат Мерғалымова, "Қазгидромет" филиалының директоры:

- Көктем жылы болады деп күтілуде, қардың молдығы су тасқынының туындауына әкелуі мүмкін. Алдын ала болжам бойынша Сергеев су қоймасына түсетін су көлемі 2,9 млрд текше метр болады. Бұл нормадан екі есе көп.

Былтыр тасқын кезінде облыстың қырық төрт елді мекені зардап шекті. Құтқарушылар шапшаң әрекет етіп 14 мыңнан астам адамды қауіпсіз жерге көшірген еді.

Қуандық Танабас, Қуаныш Қазбеков, Толеген Иманов