Түркістандағы тарихи ескерткіштерді заңмен қорғауға жол ашатын құжат бекітілді

Түркі жұртының астанасы Түркістанды түлету заңмен бекітілді.

Бүгін Сенатта қалаға ерекше мәртебе беретін құжат мақұлданды. Енді Қожа Ахмет Яссауи кесенесінің айналасында, биік ғимарат салуға тыйым салынады. Демек, бірегей қала елдің рухани, тарихи-мәдени және туристік орталығы ретінде одан әрі дамиды. Ежелгі Түркістан ескерткіштерін қорғау үшін археологиялық резерват құрылады. Қала әкімдігіне ескерткіштерді анықтап, зерделеумен қатар тарихи-мәдени мұраны қорғау өкілеттігі берілді. Құжат Президентке қол қоюға жолданды.

Бұдан былай Түркістанға сапарлайтын әуе рейстері артатын болды. Демек киелі мекенге келетіндер көбейіп, туризмі түлей түседі. Ол үшін рухани астананың туризмін дамытудың бөлек кешенді жоспары даярланбақ. Қойнауы сан ғасырлық тарихтан сыр шертетін шежірелі шаһарда тарихи жәдігерлер көп. Ал бұл құндылықты қорғауда мемлекеттік бақылау күшейеді. Сондай-ақ, онда келетін мүгедектігі бар адамдар үшін де қолайлы жағдай жасалуы қажет. Бұл да заң аясында реттелетін болды.

Ержан Еркінбаев, ҚР Туризм және спорт вице-министрі:

- Түркістанның туризмін дамыту дұрыс дамыту кедергінің бір себептерінің бірі ол халықаралық және ішкі рейстердің жетіспеушілігі бірақ соған қарамастан 2024 жылдың қорытындыларын алсақ 2023 жылмен салыстырғанда шетелден келген туристердің саны 2 есе көбейді. Қазір еліміздің әуе паркіне 16 жаңа ұшақ қосылайын деп жатыр. Сондықтан транспорт министрлігімен бірлесе жұмыс істеп Түркістанға келетін рейстердің санын көбейтуге тырысамыз.

Түркістанда миллиардтар жұмсалып, ондаған нысандар бой көтереді. Бұдан бұрын да қаланы дамытуға ерекше көңіл бөлінген. Соңғы 6 жылда қаланы қаржыландыру 5 жарым есе өсті. Мәселен, 2018 жылы шаһарды дамытуға республикалық бюджеттен 13 млрд теңге бөлінсе, былтыр 72 млрд теңгеге жеткен. Бұл өз кезегінде қаланың жалпы өңірлік өніміне оң әсер берді.

Арман Қасенов, ҚР Ұлттық экономика вице-министрі:

- Биыл Түркістанда бірқатар ірі  жобалардың құрылысы іске асады. «Парасат» және «Астана» саябақтарының құрылысы мен қайта қалпына келтіру жұмыстарына 10 млрд теңге бөлінді. «Түркістан» арнайы экономикалық аймағында 7 млрд теңгеге инженерлік инфрақұрылымды салу жоспарланған. 3 млрд теңгеге олимпиадалық резервтегі жасөспірімдер үшін спорт кешенінің құрылысы басталады. Сондай-ақ, ипподромы бар көп функционалды кешен нысаны салынбақ. Оған 13 млрд теңге қарастырылып отыр.

Еуропа мен Азияны тоғыстырып жатқан Ұлы Жібек жолының күретамыры болған Түркістанды әлемге танытуымыз керек. Оған негіз де жоқ емес. Сенат төрағасы шаһарда бабамыздың ілімін дәріптейтін Яссауитану орталығын қалыптастыру қажеттігін айтты. Ойшылға арналған музейді жәдігерлермен толықтыру маңызды.

Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы:

- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев түркі әлемінің алтын бесігі – Түркістан қаласына ерекше мәртебе беру туралы мәселені облыс жұртшылығымен кездесуінде көтерген болатын. Президентіміздің тапсырмасын орындау үшін арнайы заң әзірленіп, мақұлданды. Жаңа нормалар аясында Түркістан шаһарын еліміздің сәулет, рухани, тарихи-мәдени және туристік орталығы ретінде дамыту үшін кешенді шаралар көзделген. Осыған байланысты орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың өкілеттіктері қайта қаралды. Сонымен қатар инженерлік, көліктік, әлеуметтік және туристік инфрақұрылымды дамыту мәселелері жан-жақты реттеліп отыр. Мақұлданған заңдар Түркістанның жан-жақты дамуына сомды үлесін қосады деп сенеміз.

Сонымен қатар жергілікті әкімдік енді кәсіпкерлердің шығындарының бір бөлігін өтей алады. Яғни туризм нысандарын салып, жол бойындағы қызметті жандандырған, сондай-ақ сыйымдылығы 8 орыннан асатын жолаушылар автобусын сатып алған іскерлерге қол ұшын созады.

Айнұр Қуатқызы, Нұрсұлу Өмірхан, Ержан Қанапияұлы