Өскеменде жаңа қоқыс полигоны үшін жер іздестіріліп жатыр

Өскеменде осыдан 68 жыл бұрын ашылған қоқыс полигоны лық толып, қалдық сыртқа төгіліп жатыр, деп хабарлайды 24kz

Алаңды жабу туралы мәселе талай жыл бойы көтерілгенмен, әлі шешімін тапқан жоқ.

Ал таудай болып үйілген қоқыстан сол маңдағы тұрғындар зардап шегіп келеді. «Жел тұрса, қалдықтың шашалығаны былай тұрсын, иіс-қоңысы қолқаны қабады», - дейді олар.

Сөйтіп, жұрт күткен жаңа полигон құрылысын бастауға не кедергі?

Эльмира Ахметова, тілші:

- Степное кенті қала полигонының тура іргесінде тұр. Тау арасындағы әдемі табиғаттың күл-қоқыспен көмкеріліп жатқанына бірнеше жылдың жүзі болды. Бұл ауылмен қатар Восток ықшам ауданындағы жұрт осы мәселеге алаңдаулы. Ақерке Жексенбаеваның айтуынша, шашылған қоқыс салдарынан үй маңайына егеуқұйрықтар қаптап кеткен. Ал көктемнен бастап маңайды жағымсыз иіс жайлап, далаға шығып серуендеуден қаламыз дейді ол.

Ақерке Жақсынбаева, Восток ықшам ауданының тұрғыны:

- Крысалар жүгіріп жүргенін көрдім, одан кейін қазір көктем басталса, маңайдың бәрі қоқысқа айналады. Бұл жерде мысалы үшін жер көп, адамдар кеп үй салып тұруға болады,қоқыс полигоны арқасында жер алғысы келмейді деп ойлаймын.

Эльмира Ахметова, тілші:

- Қоқыс полигонының толып, маңайына шашылатындай жөні бар. Мұнда қазір 7 млн тонна қалдық жиналған. Үсті-үстіне әлі де төгіліп жатыр. Өйткені қалада басқасын салатын ыңғайлы орын жоқ.

Жергілікті билік аумақты зерттеп ,әзірге Степное кентімен көршілес Ушанов ауылынан 3 шақырым жердегі учаскені межелепті.

Рашид Шерубаев, қалалық ТҮКШ бөлімі басшысының орынбасары:

- Өйткені ол учаске қалдықтарды сұрыптау зауытынан қатты алыс емес. Сонысымен де өте тиімді болып тұр.

Алайда бұған Ушанов ауылының тұрғындары қарсы. Себебі туристік аймаққа апаратын жолдың сәні кетеді деп алаңдайды.

Дәурен Молдамсейітов, Ушанов кентінің тұрғыны:

- Мына жалпы республикалық туризм саласына қарай даму керекпіз, полигон емес. Себебі бізде таулы аймақ, туризм дамып келе жатқан аймағы. Көгілдір бұғаз, Большенарын, Приморск, Алтай деген туризм дамып келеді.

Ал әкімдік өкілдері жаңадан салынатын полигонда заманауи технология талаптары сақталады деп сендірді. Тіпті қарапайым қоқыс алаңы емес, қалдықтарды өңдейтін ірі кешен бой көтеруі мүмкін. Дегенмен, нысан қай жерге салынса да, алдын ала қоғамдық тыңдау ұйымдастырылып, халық пікірі ескеріледі.

Авторлары: Эльмира Ахметова, Жігер Бабаханов