Астанада «Адал адам – адал еңбек» жастар форумы өтті
Елдегі кәсіптік оқу орындарының көбісі ескірген құрал-жабдықты пайдаланып отыр, деп хабарлайды 24KZ. Бұл жастардың жұмысшы мамандығына деген құлшынысын азайтып, білім сапасының әлсіреуіне әкелуі мүмкін. Саладағы толғақты мәселелер Елордада өткен «Адал адам – адал еңбек» атты жастар форумында талқыланды. Жиында сапалы кәсіби білім беру, жастарды жатақханамен қамту, өз кәсібін жетік білетін сапалы кадрлар шоғырын қалыптастыру сияқты өзекті мәселелер көтерілді.
Владислав – жүрегі ұлтым деп соққан жалынды жастардың бірі. Ақтөбе университетінің төртінші курсында оқитын ол биыл металлург мамандығы бойынша оқуын аяқтап, дипломын алмақ. Бүгінде жергілікті кәсіпорындардың бірінде өндірістік тәжірибеден өтіп, біліктілігін арттырып жатыр. Қоғамдық жұмыстардан да қалыс емес.
Владислав Толочко, студент:
- Әкем украин, анам мордвинка, ал мен қазақпын деп үйде қалжыңдайтынбыз, осының арқасында Қазақстан халқы Ассамблеясында өзімнің септігімді тигізіп жүрмін. Біздің өңірде жұмыс істеуге мүмкіндік көп. Ақтөбе ферроқорытпа зауытында әсіресе жастарға мүмкіндіктер бар.
Владислав сияқты жастар үшін үлгі болар тұғырлы тұлғалар керек. Соның бірі –есімі елімізге белгілі кенші Ришат Әміренов. Қатардағы жұмысшыдан «Қазақстанның Еңбек Еріне» дейін жеткен оның өмір жолы – жас өрендерге үлгі-өнеге.
Ришат Әміренов, Қазақстанның Еңбек Ері:
- Механик-инженер болып сол салада 50 жыл еңбек еттім. Көбі оқу бітіріп, мен бірден басшы боламын деген, ол төменгі сатыдан өтпей, қарапайым жұмысшының еңбегінің бағасын білмей, ол жақсы басшы бола қояды дегенге сенбеймін.
«Адал адам – адал еңбек» жастар форумы осылайша аға буын мен олардың ізін басқан жастарды тоғыстырған алаңға айналды. Жиында жұмысшы мамандар даярлаудағы қордаланған мәселелер талқыланды. Айталық, елдегі 270 колледждің материалдық-техникалық базасы әбден ескірген. Жатақхананың жеткіліксіздігінен студенттер жалдамалы пәтерлерді паналауға мәжбүр. Ресми дерек бойынша ел бойынша колледж студенттері үшін жатақхана тапшылығы 6 мың орыннан жоғары.
Максим Рожин, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Трактор айдаушысын дайындайтын колледжде болдым. Сол жерде тұрған көрнекіліктер соғыстан келген көрнекіліктер сияқты. Ондай көрнекілікпен оқыған адам өзінің мамандығын құнды деп санай ма? Санамайды. Бірінші кезекте олардың материалдық техникасын, базасын жақсарту керек. Ауыл болсын, қала болсын, жағдай бірдей болу керек. Екіншіден, олардың алатын жалақысын, солардың еңбегін сөз жүзінде емес, іс жүзінде жасауымыз қажет.
Болжамдарға сәйкес елімізде жұмысшы мамандарға жыл сайын сұраныс өсе бермек. Алдағы алты жылдың ішінде өндірістерге қосымша 400 мыңға тарта кәсіптік-техникалық білімі бар мамандар қажет болады. Сол себепті бүгінде барлық өңірде кадрлар даярлау сапасын арттыруға, жұмыс берушілермен өзара іс-қимылды нығайтуға бағытталған жоспарлар бекітілді.
Тимур Жұмырбаев, «Ассамблея жастары» қоғамдық ұйымының төрағасы:
- Осындай алаңдар жұмысшы мамандығы бойынша білім алып жатқан жастарды толғандырған мәселелерді талқылауға мүмкіндік береді. «Адал адам – адаң еңбек» форумы өңірлерде өтіп, сондағы жастардың үнін естуге, олардың проблемаларын шешуге септеседі.
Форум жұмысшы мамандар жылы мен Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына арналды. Мұндай форматтағы жиын енді өңірлерде жалғасын таппақ.
Авторлары: Қуандық Танабас, Асхат Қарақойшиев.