«Дарбаза-Мақтаарал» темір жолының құрылысы келер жылы аяқталады
Түркістан облысында «Дарбаза-Мақтаарал» теміржолының құрылысы қарқынды жүріп жатыр.
Қазір құрылысшылар Келес ауданы аумағында теміржолдың табанын төсеу жұмыстарын атқаруда. Бұл теміржол Сарыағаш, Келес, Жетісай, Мақтаарал және Шардара аудандарын басып өтіп, Өзбекстанға апарады. Осылайша, жаңа жол Қазақстан мен Орталық Азия елдері арасындағы сауда-саттықты арттырып, тауар тасымалдау мүмкіндігін кеңейтеді.
Ердәуіт станциясынан басталған теміржол құрылысы қазір 30 шақырым жерде жалғасып жатыр. Арнайы техникалар ой жерлерге топырақ тастап, шойын жолдың орнын тегістеуде. Ірі инфрақұрылымдық жобаның ұзындығы 152 шақырым. Темір жол өңірдің Сарыағаш, Келес, Шардара, Жетісай мен Мақтаарал аудандары арқылы өтеді. Құрылыс жұмыстары екі кезеңде жүргізіледі.
Арман Аңсатбаев, мердігер компанияның өкілі:
- Бұл жаңадан салынып жатқан жоба болғаннан кейін топырақпен жұмыс істеу биыл аяқталады. Келесі жылы ғана көпірлер салынады. Водопропускной трубалар салынады. 160-170 адам осы жобада жұмыс істеп жатыр.
Құрылысы үш жылға созылатын теміржолға 286 млрд теңгеге жуық қаражат бөлініп, 19 700 тонна рельс төселеді. Шойын жол әлемдік стандарттарға сай салынады.
Нұрлан Нұрабаев, «Қазақстан темір жолы» ҰК АҚ Басқарма басшысы:
- Сырдария өзенінің үстінен ұзындығы 500 метрлік үлкен көпір жаңадан салынады. Мына автомобильный жолға параллельно түседі. Сырдарияның екі жақ бетінен тағы да түсетін 4 мост бар.
Шойын жолды салу үшін 360 адамның 700 гектар жері мемлекет мұқтаждығына алынды. Бүгінде егістік жерлерді бағалау жұмыстары толық аяқталып, әрбір шаруаға жерінің көлеміне қарай өтемақы төленеді. Қомақты қаражат респубиликалық бюджеттен бөлінбек.
Жаңа теміржол желісі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша іске асып жатыр. Жалпы «Дарбаза-Мақтаарал» теміржол желісі Қазақстанның көлік-логистика әлеуетін арттырып, халықаралық сауда ағынын жеделдететін маңызды инфрақұрылымдық жоба болып табылады.
Жандос Жұмабек, тілші:
- Республикалық көлік-транзиті «Сарыағаш - Ташкент» учаскесінен жүк тасымалын жеңілдетуге және Өзбекстан арқылы экспортты ұлғайтуға мүмкіндік береді. Яғни транзиттік жол ашылып, отандық өнімдер Ауғанcтан, Тәжікстан, Түркіменстан мен Иранға тасымалданады. Көптен күткен шойын жолдың құрылысы келер жылдың соңында аяқталады деп жоспарланып отыр.
Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш, Қуаныш Әбуов