Биыл агросекторды субсидиялауға ел бюджетінен ₸430 млрд бөлінді

Агросекторда жыл сайын 180 мың кәсіпкер субсидия алуға өтініш білдіреді. Дегенмен, оның тек тең жартысы ғана мемлекеттің көмегін ала алады, деп хабарлайды 24kz.

Ал Мемлекет басшысы тікелей субсидиялауды кезең-кезеңімен тыйып, арзан несие беруге көшуді тапсырған еді. Енді осы Президент пәрмені қалай орындалып жатыр?

Шернияз Жалғасбекұлы, тілші:

- 2 млн ірі қара мен 3 млн-нан астам уақ мал санда бар, санатта жоқ. Оңай олжаны ойлаған пысықайлар, мемлекет мезіретіне қол жеткізу үшін бармақ басты, көз қысты дүниелерге барған. Саладағы жең ұшынан жалғасқан сыбайлас жемқорлық жайлы былтырғы Жолдауында Мемлекет басшысы баса айтқан еді. Дегенмен, сең енді қозғалатын сыңайлы. Жауаптылар секторды цифрландыруға ниетті.

Олжас Тлебалдин, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің ресми өкілі:

- Өтінім қабылданғаннан бастап ол төленгенге дейінгі барлық процестер жаңа жүйе арқылы, біздің Gosagro.kz арқылы іске асырылады. Яғни, цифрландыруды енгізгеннен кейін адами фактордың шешім қыбылдауға, адами фактордың әсер етуі өте қатты төмендейді. Сол себепті цифрландыру бұдан да әрі жалғасады.

Биыл саланы субсидиялауға ел бюджетінен 430 млрд теңге бөлінді. Министрлік 11 бағыт бойынша көмек беруге бейіл. Оның тең жартысы құрал-жабдық сатып алуға жұмсалады. Сондай-ақ 25%-і өсімдік, 20%-і мал, 5%-і балық шаруашылықтарына және қайта өңдеу ісіне беріледі. Ал ел Президенті агрөнеркәсіпті тікелей субсидиялаудан арзан несие беру тәсіліне біртіндеп көшу тапсырған еді.

Олжас Тлебалдин, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің ресми өкілі:

- «Кең дала 1», «Кең дала 2» бағдарламасы бойынша 700 млрд теңге осы шаруаларға арзандатылған 5% көлемде несиемен қамту жоспарланып отыр. Одан бөлек, «Ауыл аманаты» жобасы бар. Биыл оған 50 млрд теңге қарастырылған. Одан бөлек, СҚО-ның керемет тәжірибесі бар. Ауыл шаруашылығы саласындағы 13 бағыт бойынша негізгі әлеуетті инвестициялық жобаларды жеңілдетілген 2,5%-пен несиелендіру бойынша бағдарламаны іске асырып отырмыз. Оған 200 млрд теңге қарастырылған.

Дей тұрғанмен, субсидиялау ісі төбегейлі тоқтамайды. Себебі секторға серпіліс берген дәл осы тәсіл. Мұны мамандар айтып отыр.

Қанат Ыдырысов, Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығының бас менеджері:

- Несиелеу ісіне, әрине, дайынбыз. Бірақ бүгінгі күнде субсидия да қажет. Осы субсидияның арқасында бізде малдың саны көбеюі, өнімділігі жоғарылауда және осымен айналысатын кәсіпкерлердің саны да көбеюде. Ұлттық статистика бюросының мәліметіне сүйене отырсақ, малдың өнімділігі сәл жоғарлап отыр. Мысалы сүт өнімділігі, ет өнімділігі  және оның саны да көбейіп отыр. 

Сондай-ақ тауарлық несие беру тәсілі қарқын алады. Яғни, шауаларды қолдау ісі қаржылай емес, заттай жүзеге асады.

Олжас Тлебалдин, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің ресми өкілі:

- Бұл жерде ірі және орта кәсіпкерлер біздің мынау кішігірім ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерге және жеке қосалқы шаруа қожалық деп жатамыз, соларға тауарлық несие түрінде, мал түрінде, тұқым түрінде немесе техника түрінде, құрал-жабдықтар арқылы тауарлық несие берудің тетіктерін жол картасы шеңберінде барлық тетіктерін әзірледік.

Қош, атаулы өзгеріс салаға серпіліс сыйлайды деп сенейік. Ал жалпы агросекторда ақжолтай жаңалықтар жетерлік. Биылғы қуаңшылық пен қаптаған шегірткеге қарамастан егіншілір 23 млн гектар алқаптан 27 млн тонна астық алды. Ал былтыр мал басы 3,5%-ке артты.

Авторлары: Шернияз Жалғасбекұлы, Аружан Серікқызы