Жетісу облысында төлдерді ветеринариялық есепке алу жұмыстары жүргізіліп жатыр

Жетісу облысында төрт түліктің төлін сырғалау жұмыстары жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды 24kz.

Осы арқылы ветеринарлар мал санының биыл қаншаға артқанын анықтайды. Соған сәйкес алдағы уақытта вакцина салады.

Сергей Фомичев еңбек ететін Ескелді ауданындағы серіктестікте 1000-нан аса сауын сиыры бар. Соның 130 шақтысы төлдеді. Әрбір бұзауға мамандар жеке нөмірі жазылған сырға тағып жатыр.

Сергей Фомичев, серіктестік өкілі:

- Биыл мыңнан аса бұзау аламыз деп жоспарлап отырмыз. Мал төлдеген сайын ветеринарымыз өтініш жазады. Содан кейінгі жеті күн ішінде мамандар келіп, жаңадан туған бұзауларды сырғалайды.

Жыл басынан бері ветеринарлар 75 мыңға жуық ауыл шаруашылық  жануарына жеке белгі тағып, чип енгізген. Сырғаланған төрт түлік туралы мәлімет бірыңғай деректер қорына енгізілді. Енді сол арқылы бақылау жасалады.

Жанұзақ Қанағатов, Еркін ауылдық округтік ветеринариялық станция меңгерушісі:

- Бұл база арқылы мысалы жас төлдерге егілетін вакциналар бар. Сол кірген күннен бастап база арқылы қарап отырып, вакциналарды малдың денесіне енгіземіз. Сібір жарасы, мысалы пастереллез. Жас төлдерге ревакцинациясын егіп отырамыз.

Облыста 2 млн 300 мыңнан аса ауыл шаруашылық жануары тіркелген. «Оның барлығы сырғаланды», - дейді, сала жетекшісі.

Нұрлан Жамаубаев, облыстық ветеринария басқармасының басшысы:

- Біз қазір 100% өзіміздегі ауылшаруашылық малдарын қамтыдық. Және «Төрт-түлік» мобильді қосымшасына шаруа құрылымдары 100% тіркелген. Малын басқа жаққа сатуға не болмаса басқа жаққа сатуға беретін болса, осы қосымша арқылы өтінім тастайды. Біздің ИСЖ базасына түседі. ИСЖ базасында біздің ветеринарлар қарап, ол кісінікін электронды түрде базадан анықтамасын шығарып қояды. Дайын болған кезде келіп алып кете береді.

Жетісу облысында 118 ветеринарлық пункт жұмыс істейді. Кейінгі екі жылда соның тең жартысына жуығы жаңартылды. Биыл тағы жиырмасы салынып, қажетті құралдармен жабдықталады.

Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Олжас Байбосын