Құрылыс компанияларына талап күшейтілуі мүмкін

Елімізде тұрғын үйлерге қызмет көрсетудің кепілдік мерзімі ұзартылуы мүмкін, деп хабарлайды 24kz.

Енді мердігерлер баспананы салған соң оны күтіп-баптау, кемшіліктерін жою шаруаларын кемі 5 жыл көлемінде атқаруға міндеттелмек. Бұрын-соңды болмаған бұл өзгеріс жаңа Құрылыс кодексінде ұсынылған. Жаңа құжатты құрамында Мәжіліс депутаттары мен қоғам белсенділері бар арнайы жұмыс тобы жіті талқылап жатыр.

Кәмшат Мұхамеджан, тілші:

- Талқылаудағы жаңа құжаттың жаңалығы көп. Негізгілерің бірі әрі ірісі – мемлекеттік бақылауды күшейту. Жұмыс тобы Еуроодақ елдерінің тәжірибесіне сүйеніп, арнайы 4 бағытты енгізіпті. Біріншісі – мамандардың біліктілігін растайтын бірыңғай цифрлық тізілім. Енді екінің бірі қабырға қалап, құрыш білекті құрылысшы бола салмайды. Жұмысшыларды жаппай сертификаттау жүргізіледі. Енгізілген екінші өзгеріс – жедел ден қою шарасы. Бұл – құрылыстағы заңбұзушылықтарды анықтауға мүмкіндік жасамақ. Ал үшіншісі – жоспарлы инспекциялау. Нысанның қазығы қағылмас бұрын төтенше жағдайға төтеп бере ала ма, жоқ па, жай-күйі ескеріледі.

 Мемлекеттік бақылауды күшейту жөніндегі жаңа тәсілдер

1. Бірыңғай цифрлық тізілім енгізу

2. Жедел ден қою шарасы

3. Жоспарлы инспекциялау

4. Барлық берілген рұқсаттарға ревизия жүргізу

Қуандық Қажкенов, ҚР Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі:

- Мемлекеттік бақылауды күшейтудегі төртінші бағыт бұл – барлық берілген рұқсаттарға ревизия жүргізу. Жаңа кодекс бойынша құрылыспен айналысуға рұқсат алған компаниялардың бәрі тексеруден өтуі ықтимал. Демек, бұл да оларға айтарлықтай қиындық тудырады деген сөз. Осылайша, біз нарықтан біліктілігі жоқ компанияларды алып тастай аламыз. Қойылып отырған басты міндет сан емес, сапаны арттыру. Қазір бәрімізге белгілісі құрылыс төңірегінде айтылып жатқан сын-шағым көп. Олқылықты жөнге келтіру үшін осындай шараларды қолға алып отырмыз.

Жаңа кодекс күшіне енсе, бұған дейін құрылыспен айналысуға мемлекеттен рұқсат алған компанияларға ревизия жасалады. Осылайша, министрлік нақты сапаға жұмыс істейтін мердігерлерді іріктеп алмақшы. Кейін тұрғын үйлерге қызмет көрсетудің кепілдік мерзімін ұзарту көзделген. Қазіргі қолданыстағы тәртіп бойынша олар баспананы салған соң кемі 2 жыл сол нысанға жауапты. Кемшіліктері болса жөндеп, күтіп-баптауға араласады. Бұдан былай бұл мерзімді 5 жыл деп өзгерту ұсынылып отыр. «Жаңа ереже бармақ басты, көз қысты әрекеттің жолын кеседі», - дейді депуататтар.  

Мұрат Әбенов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Бюджеттің қаржысына салған мектеп, ауруханалар 2 жылдан соң авариялық жағдайға жетеді. Оған ешкім жауап бермейді. Ең үлкен қауіптісі ішіндегі біздің балалар. Сол себептен Президент осы тапсырманы берді. Бірінші кезекте азаматтардың қауіпсіздігі. Екінші кезекте заңсыз құрылыс салу мәселесі. Заңсыз дегеніміз, дайын тұрған үйлердің қасында салады. Инфрақұрылым жоқ. Мектеп, балабақша, аурухана жоқ.

Кәмшат Мұхамеджан, тілші:

- Бүгінгі таңда салынған нысанның бар-жоғы 14%-і мемлекет бақылауында. Қалғаны жекенің қолына кеткен. Құжатты пысықтап жатқан жұмыс тобы осы олқылыққа ден қойыпты. «Сапаға алшақтық әкеп отырған ашықтықтың жоқтығы», - дейді депутаттар. Сондықтан құрылыс процесін онлайн-режімде бақылауды ұсынды. Ендігі жерде E-Qurylys ақпараттық жүйесі енгізіледі. Осы арқылы салынып жатқан нысанға қатысты барлық мәлімет қарашаға қолжетімді болмақ.

Мұрат Әбенов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Бұл жерде барлық деңгейде цифрлық жүйе енгізуді жоспарлап отырмыз. Қандай мамандар құрылыс салады. Шынымен де ол инженер ме, архитектор ма, дипломы бар ма, қай жерде жұмыс істейді. Қазір қарасаң, құрылыс компаниялары лицензиялары бар, бірақ елде ондайлар көбейіп кетті. Бірақ мамандар шектеулі. Біз алып қарайтын болсақ, әр маман 5-6 облыста жұмыс істейтін болып шығады. Ол мүмкін емес қой.

Құрылыстағы талаптың осалдығын сарапшы да растады. Көп мердігер сапаға келгенде сан соқтырып кетеді. «Мұндағы қателік әу бастағы қадағалаудың жоқтығы», -дейді.

Мұхтар Айсауытов, Қазақстанның құрметті құрылысшысы:

- Инженерлік сетті қарау керек ең әуелі. Жарайды ма, жоқ па. Арасында машина өте алатындай. Соның бәрін есептемейді ғой қазір. Бірінің үстіне бірін сала береді не жедел жәрдем, өрт сөндірушілер кіре алмайды. Мысалы халықтан жинаған қаражат жинауға құқылы ма, жоқ па осының бәрін тексеру керек. Анализ беру керек. Әр компания өзінің құжатын, қаржылық жағдайын, кадрлық жағдайын бәрін өткізу керек.

Тұтастай алғанда, жаңа құжат сәулет және құрылыс қызметінің өзекті мәселелерін шешуге бағытталған. Қазіргі күні Құрылыс кодексін егжей-тегжейлі талқылау жүріп жатыр. Депутаттар бастаған жұмыс тобының жиыны әр апта сайын өтеді. Осы күнге дейін заңды жетілдіруге бағытталған 600-ден аса ұсыныс түсіпті. Жалпы Парламент құжатты жылдың аяғына дейін қабылдауы мүмкін.

Авторлары: Кәмшат Мұхамеджан, Асхат Қарақойшиев