Күршім көпірін көруге келетіндер көбейді

Елдегі ең ұзын көпір туристердің қызығушылығын тудырды, деп хабарлайды 24KZ. Бұқтырма су қоймасының үстінен өтетін Күршім көпірін көруге келетіндер көбейді. Қолданысқа берілгелі облыс орталығы мен жеті аудан арасындағы барыс-келіс жеңілдеді. 4 айда көпірмен 170 мың көлік өткен.  Отандық мамандардың күшімен салынған гидроқұрылғы өңір үшін маңызды нысанға айналды.

Көпір салынғалы арғы беттегі ауыл-аймақ тұрғындарының тірлігі жанданды. Бұрын суық түсе паромның жүрісі қиындап, жұрт су қоймасынан өте алмай, әбігерге түсетін. Амалы құрыған соң айналма жолмен жүретін. Ал қыста көк мұзды көлікпен кесіп өтетін. Енді бәрі артта қалды. Отын, азық-түлік, астық өнімдерін тасымалдау жеңілдеді. Жолға кететін уақыт та қысқарды.

Жұматай Қарағызов, Күршім ауылының тұрғыны:

- Қазір, міне, қандай рақат. Үш минутта өте шығасың, көпірден 3 минутта жүресің, қазір міне. Басынан аяғына дейін өте тиімді болып тұр.

Ұзындығы 1316, ал ені 12 метр болатын көпірмен қазір тәулігіне 1,5 мың автокөлік өтеді. Күрделі технологиялық құрылғыны отандық мамандар салды.   Алексей Трусов кран жүргізеді. Шымкенттің Түлкібасынан келген жұмысшы 20 жылдан бері осы салада еңбек етеді. Талай өткелді салуға атсалысқан ол дәл осы Күршім көпірінің құрылысына үлес қосқанын ерекше мақтан тұтады.

Алексей Трусов, кран жүргізушісі:

- Байқап қарасам, 10 шақты көпір салуға ат салысыппын. Бірақ соның ішінде күрделісі – осы Күршім көпірі. Ең бір әдемі әрі маңызды жобаны іске асыруға үлес қостым деп ойлаймын. Көпір өте әдемі, осы өлкенің көркін ашып тұр.

Расымен, көрікті көпір туристердің де қызығушылығын арттырды. Әдейілеп осы өткел арқылы өтетіндер көбейді.

Алтай Сәркен, «ҚазАвтоЖол» ҰК ШҚО филиалы директорының орынбасары:

- Турситік нысан сияқты көрініп тұр,өйткені бүкіл шығыс Қазақстандағы Зайсанға баратын адамдардың бәрі сонымен қызық көріп, өткісі кеп тұрады Мысалы, Қатонқарағайға баратын адамдар бұрын тіке баратын, қазір көпірмен айналып, кішкене ұзақ болса да, көру үшін, өйткені енді Қазақстандағы ең ұзын көпір боп тұр ғой қазіргі таңда.

Көпір бойына 100-ден аса бейнебақылау камерасы орнатылған. Ол тек көлік қозғалысын реттеп қанай қоймай, заңсыз балық тасымалының алдын алуға да көмектеседі. «Өткел болшақта транзиттік әлеуетті арттырып, қалаға бет түзеген ауыл көшін тоқтатуға ықпал етеді», – дейді сарапшылар.

Авторлары: Эльмира Ахметова, Жігер Бабаханов.