Елімізде қос азаматтықпен жүрген 35 адам ұсталды

Елде өзге мемлекеттің төлқұжатымен жүрген азаматтар бар.

Жыл басталмай қос азаматтығы бар 35 адам ұсталды. 

Олар Қазақстанның немесе Ресей, Өзбекстанның азаматы атанып екі жақта бірдей жүреді. Зейнетақыны да екіжақтан алатындары бар. Былтыр мұндай 433 дерек анықталған. 

Елде қос азаматтыққа заңды түрде тыйым салынған. Заңға бағынбағандар 200 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл төлейді немесе елден шығарылады.

Айталық, былтыр көліктегі полиция департаментінің қызмет көрсету аумағында қос азаматтығы бар 433 адам анықталды. Сот шешімімен олардың 250-не айыппұл салынып, 183-і елден шығарылды. Олардың қатарында Ресей, Түркия, АҚШ және Германия азаматтары басым.

Ерлан Тоғызбаев, ҚР ІІМ көліктегі ПД көші-қон қызметі басқармасы бастығының орынбасары:

- Көліктегі полиция департаменті аумағында 27 жергілікті полиция бөлімшесі бар. Сол жерлерде бізде көші-қон қызметінің қызметкерері бар. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің шекара қызметкерлерімен бірлесіп жұмыс жасалады. Және де пойыздарда, шекараларда Ресей мемлекеті бар, Қытай, Өзбекстан мемлекеттерімен бірге жұмыс жасалып жатады. Сол жерде қос азаматтығы барлар анықталып жатады.  

Басқа мемлекеттің азаматтығын алмас бұрын ел азаматтары қазақстандық азаматтықтан бас тартуы шарт. Бірақ азаматтықтан шықпай жатып, екінші азаматтық алу фактілері көп кездеседі. Бұл – заңсыз әрекет.

Ерлан Тоғызбаев  ҚР ІІМ көліктегі ПД көші-қон қызметі басқармасы бастығының орынбасары:

- Көбінесе Ресей азаматтары болады бізде бұрынғы Қазақстанда тұрып кеткен бізде азаматтар шетелге көшіп кетеді Ресей мемлекетіне көбінесе, білмеусіздік қой бұл, негізінде азаматтық алған кезде 30 тәулік ішінде жалпы шет мемлекетте болса, сол жерде посольствамыз бар, сол жерге 30 тәулік ішінде тапсырылуы керек құжат ҚР азамттығы туралы. Оларды жаңағыдай анықталған кезде түсініктеме аламыз ғой жұмыс жүру барысында ол кісілер білместік деп айтып жатады. 

Иә, мұны көпшілік білместік деп құтылғанымен қос азаматтықпен жүрудің ар жағында көп себеп жатуы мүмкін дейді заңгерлер. Ол, ең алдымен, екі елдің түрлі әлеуметтік жеңілдіктерін пайдалану және жәрдемақылар алу.

Жандос Тұяқов, заңгер:

- Мысалы, келетін болсақ, көп жағдайда осы Қазақстанға көшіп келіп тұрып жатқан Ресей азаматтары ол жақта материнская плата деген бар, аналарға төлейтін жаңағы әлеуметтік пособие бұл Қазақстанға қарағанда әлдеқайда жоғары сол себептен мысалы көп азаматтар ол жақтың да азамттығын алғысы келіп тұрады. 

Қос азаматтығы барларды арнайы іздеп абу оңай емес. Олар көбіне шекарадан өту кезінде, көші-қон басқармаларында тіркелу кезінде немесе халыққа қызмет көрсету орталықтарына жүгінген кездерде анықталып жатады.

Мөлдір Молдағали, Жандос Битабаров