Өскеменде тасқын қаупі жоғары 954 үй бар
Өскеменде қызыл су басуы мүмкін мыңға жуық үй бар.
Қазір сол ықшам аудандарда арықтар аршылып, арналар кеңейтіліп жатыр. Құтқарушылар тұрғындармен жүздесіп, үй-жайдың маңайын уақытылы тазалауға кеңес береді. Өйткені биыл шаһарда қар қалың. Мамандардың айтуынша, бүгінге дейін 120 мың текше метрден астам ақ ұлпа шығарылды.
Қалада қар қалың. Былтыр ақпанда ақ ұлпа жамылғысы бар болғаны 5 см еді, биыл – 63 см. «Бір қуанарлығы тоң жұқа», - дейді мамандар. Сондықтан еріген қар тез сіңіп, қауіп өзінен-өзі сейілеуі де мүмкін. Алайда тағы да қар жауып, аяз түссе, жағдайдың ушығуы да ықтимал. Демек тасқынға қарсы қам-қарекет мықты болуы керек.
Александр Карпов, қала әкімінің бас инспекторы:
- Тоң қалыңдығы – 78 см. Бұл былтырғымен салыстырғанда аз көрсеткіш. Бірақ қар қалың, қала ішінен 120 мың текше метр ақ ұлпа тасып шығарылды. Өткен жылмен салыстырғанда 2,5 есе артық.Қазір қаладағы барлық арықтар мен арналарды тазалап жатырмыз. Су өткізетін құбырлар да басты назарда.
Жалпы қала ішімен төрт өзен өтеді. Алты бұлақ бар. Таудағы еріген қардың екпіні де оңай емес. Мәселен, қазір шаһар шетіндегі Шығыс кентінің маңайындағы 4 шақырым арық тереңдетіліп жатыр. Себебі қарғын су жоғары қарқынмен келсе, ауыл ішіне лап қоюы ғажап емес. Сондықтан ауыр техника тізгіндеген Валерий Корчугановка жүктелген міндет те ауыр.
Валерий Корчуганов, экскаватор жүргізушісі:
-Бір қарағанда жеңіл көрінгенмен, арықты аршып, тазалау оңай емес. Мінеки өздеріңіз байқаған шығарсыздар, бір жерді қаншама рет айналып шықтым. Күні бойы осылай жүру керек. Әрбір бұлақ, өзен маңайын қалт жібермейміз.
Құтқарушылар да сақ. Әр үйді аралап, тұрғындармен жүздесіп, жиналған қарды уақытылы тасып шығаруды ескертіп жүр. Олар әсіресе әбден тазаланып, аршылған арықтарды күл-қоқыспен толтырып тастайтын жайттарға алаңдаулы.
Аманкелді Еңсегенов, Өскемен қаласы ТЖБ бастығы:
- Қарды шығарған кезде үйдегі қоқыстарды бірге көрсетпей төгіп жатқан. Мына қазір қаншама жер тазаланды, одан кейін оның бәрі бітеліп, судың жүруіне әсерін тигізіп жатыр, халық қоқысты бөлек төгіп, қарды бөлек шығарғандары дұрыс.
Күлтәй Доңбаева, Шығыс кентінің тұрғыны:
- Әрине, әркім өз ауласына, маңайына жауапты болуы керек. Әйтпесе бүкіл еңбек еш кетеді ғой. Сол жиналған су арнасынан асып, ауламызды басып қалмасына кім кепіл?! Көп нәрсе өзімізге де байланысты деп ойлаймын.
Шығыс кентінен басқа, Согра, Гавань, Аблакетка сынды 10 ықшам аудан қызыл судың жолында тұр.Төтенше жағдайлар департаменті мен әкімдік: «Қажетті техниканы түгендеп, тасқынның бетін қайтаруға әзірміз», - дейді. Жалпы дайындық шараларына 100 миллион теңге бөлінді.
Авторлары: Эльмира Ахметова, Жігер Бабаханов