Жамбыл облысында жұмысшы мамандықтарға 4,5 мың грант бөлінді
Бұл көрсеткіш жыл санап арта береді.
Себебі аймақта әлі де токар, техник-геодезист пен ауыл шаруашылығы және құрылыс саласының мамандары жетіспейді. Қазір аймақта 28 мың студент бар, оның жартысына жуығы осы жұмысшы мамандығы бойынша білім алып жатыр.
Мерей Бает, тілші:
-Жамбылда 12 мыңнан аса студент жұмысшы мамандықтарда оқып жатыр. 76 біліктілікті игеріп жатқан студенттердің барлығы тегін білім алуда. Бір қызығы мына дәнекерлеу ісі сынды ер адамдарға арналған мамандықтарда бұрымды қыздар да оқып жатыр.
Өңірде 18 колледжде дәнекерлеуші мамандар даярлайды. Онда мыңнан аса студент білім алып жатыр. Арасында 20-ға жуық қыз осы мамандықты таңдаған. Солардың бірі – Виктория Маркова. Ол Жамбыл индустриалды-технологиялық колледжінің үшінші курсында оқиды. Батыл қыздың бұл жолды таңдауына ағасының дәнекерлеуші болуы әсер еткен. Қазір қыз бала темірден түрлі бұйым жасауды меңгерген.
Виктория Маркова, студент:
-9-сыныпта оқып жүргенде, дәнекерлеуші боламын деп шештім. Ерлерге арналған жұмыс болса да, осында түсуді өзім қаладым. Әрине, басында қиын болды. Бірақ 3 жыл ішінде ұстаздар темірді қалыңдығына қарай қалай дәнекерлеу керектігін жіті түсіндірді. Қазір қолдан келетін күнделікті жұмыс болып қалды.
Ал Айлина Керімхан ұмыт болған тері өңдеу кәсібін жаңғыртпақ. Қазір ол Абай атындағы колледжде осы мамандықты игеріп жатыр. Мақсаты – жеке шеберхана ашып, тері өңдеу өнерін кеңінен насихаттау.
Айлина Керімхан, студент:
-Тері өңдеуде тері ұмытылып жатыр да, тері өнері бар екенін мен де ұмытқан жоқпын. Күнделікті өмірде, киімге, аяқ киімге, сөмкелердің барлығына қолданамыз, бірақ олардың барлығы таза емес. Қолөнерге келгенде күшті бұйымдар жасауға болады. Сувенирлік жұмыстар, сонысымен ерекше болады. Қазір керамика дамып жатыр, дәл осылай теріні де дамытса болады.
Облыстағы 28 колледжде дәнекерлеуші, электрик, автокөлік жөндеуші, экскаваторшы, наубайшы, кондитер сынды 49 жұмысшы мамандығын даярлайды. Оларды жұмыспен қамту үшін оқу орындары кәсіпорындармен серіктестік орнатқан. Соның есебінен оқу бітірген мамандардың 90 проценті жұмыспен қамтылып отыр.
Дәурен Түменбаев, Жамбыл индустриалды-технологиялық колледжінің директоры:
-Жұмысшы мамандықтарына қызғушылық жылдан жылға артып келе жатыр. 2 жыл бұрын 150 студент қабылданса, Былтырғы жылы 175 студент қабылданды. Жылдан жылға тапсырыс көлемі артып келе жатыр. Биыл 200 студент қабылдау жоспарда бар.
Дархан Есжанов, Облыстық техникалық және кәсіптік білім беру орталығының директоры:
-Ай сайынғы шәкіртақымен және әлеуметтік осал топтағы отбасынан шыққан студенттерге әлеуметтік көмек ретінде тегін тамақпен қамтамасыз ету және жылына екі рет өздерінің жол ақысы мемлекет тарапынан төленіп тұрады.
Аймақта келер жылы жұмысшы мамандықтарына арналған 6 салалық кешен ашылады. Бұл орталықтар мамандардың біліктілігін арттырып, өзара тәжірибе алмасуға мүмкіндік береді. Жалпы жеке кәсіп ашамын деген жұмысшы мамандарға грант беріледі. Қазір студенттерді жатақханамен қамту үшін облыста 2 нысан салынып жатыр.
Авторлары: Мерей Бает, Елдар Байділді