Айыппұл халықтың қалтасына салмақ салып отыр

Кейінгі кезде айыппұл мәселесі қоғамда қызу талқыланып жүр. Расымен, мәселе өте өзекті. Бұл мәселені зерттеу кезінде шетелдік тәжірибені сараладық. Тәртіпсіздіктің алдын алуға арналған ең тиімді жол – ол айыппұл. Камералар арқылы қатаң бақылау орнатқан мемлекеттерде заңбұзушылық едәуір азайған. Мұны кез келген сараптамалық ұйым айта алады. Дегенмен нақты біздің елге келер болсақ, қомақты айыппұл халықтың қалтасына едәуір салмақ салып отыр.

Әрине, АҚШ, Канада және Еуропа елдерінде жаза қатаң. Онда ереже бұзғандар мыңдаған доллар төлеуге міндеттеледі. Дегенмен әр елдің экономикалық жағдайы әртүрлі. Осы тұста алысқа бармай көршілес Өзбекстанмен салыстырып көрсек. Қанша жерден Қазақстандағы айыппұл мөлшерін сынға алсақ та, екі елдің жазалары шамалас екен. Тіпті кей тұста Өзбекстанның жазасы біздікінен қатаң. Ашық ақпарат деректерінен алынған мына бір сандарға көз жүгіртсек. Егер заңмен белгіленген жылдамдықтан сағатына 20 км артық жүрсе, Қазақстанда 19 660 теңге айыппұл төлейді, ал Өзбекстанда бұл ережені бұзған жүргізушіге 14 420 теңге айыппұл салынады. Ал сағатына 20-40 шақырымға дейін ережені бұзған жүргізушілер Өзбекстанда 75 мың теңге төлеуге міндеттеледі. Бұл көрсеткіш бізде шамамен 2 есе аз. Көршілес мемлекеттің жазасы әрі қарай да қатаңдай береді. Бұл кестедегі сандар ережені 1-ші рет бұзған азаматтарға қолданылады. Ал заңға бағынбау қайталанса, екі ел де айыппұл сомасын көбейтеді. Бұл жағынан да Өзбекстанның заңы қатал екенін айта кеткен жөн.

Ресей сынды өзге де көрші мемлекеттермен дәл осындай мысал келтіруге болады. Жаза деңгейі әртүрлі болғанымен, салыстырмалы түрде шамалас. Бірақ біздегі мәселенің мәні өзгеде. Елдегі жүйені сынайтындар аз емес. Демек салаға серпіліс керек. Бізде ескерту шаралары өте сирек қолданылады. Ал табысын тамаққа жеткізе алмай жүрген азаматтарға айыппұл сала беру орынсыз екені айтпаса да түсінікті.

Осы тұста Финляндия, Швейцария және Германияда қолданылатын мына бір ерекше әдісті айта кеткен жөн. Бұл елдерде айыппұл заңбұзушының табысына қарай есептеледі екен. Яғни байлар көп төлейді, ал жалақысы аздар өзінің шамасы жететін қаражатты төлеуге міндетті.  

Пёлёш Жофия, Trans.info ақпараттық порталының тілшісі:

- Германия мен Швейцарияның айыппұл жүйесіндегі ең үлкен айырмашылықтың бірі – күндік мөлшерлемеге негізделген айыппұл жүйесі. Бұл әдіс құқықбұзушының табысын ескере отырып, әркімнің қаржылық мүмкіндігіне қарай жаза тағайындауды көздейді. Мысалы, Швейцарияда жылдамдықты сағатына 50 шақырымнан артық асырған жүргізушінің айыппұлы күндік табысына сай есептеледі, ең төменгі мөлшері күніне €60-дан басталады. Ал Германияда мұндай заңбұзушылық үшін белгіленген айыппұл мөлшері өзгеріссіз қалып, €480-ден басталады. Яғни әр азамат өзінің қаржылық жағдайына сай жауапкершілік арқалайды. Бұл жүйе Швейцарияның әділеттілікке негізделгенін көрсетеді.

Міне, Еуропадағы өркениет бұл мәселені осылай шешкен екен. Демек бұл әдісті бізге де қарастырып көруге болатын сияқты. Алайда кей сарапшылар бұл тәсілді азаматтардың құқығын шектеу, яғни бөліп-жару деп санайды. Жалпы бұл мәселе кең көлемді талқылауды қажет етеді.

Айыппұл деген кезде тағы бір мәселенің шеті шығады. Халық арасында айыппұл қазынаны толтырудың амалы болып кетті деген алыпқашпа әңгімелер айтылып жүр. Тіпті әлеуметтік желілерде әр полицейге күніне бірнеше көлемде хаттама толтыру туралы тапсырма беріп жатқан жазбаларға құлақ шалып жатамыз.

Шұғыла Тұрлыбек, ҚР ІІМ баспасөз хатшысы:

- Ішкі істер министрлігі өңірлік полиция бөліністеріне айыппұл салу туралы тапсырма бермейді. Жалпы полицияның мақсаты мен міндеті – айыппұл салу емес, азаматтардың қауіпсіздігі мен денсаулығына, мүлкіне қауіп төндіретін жағдайлардың алдын алу, қоғамдық тәртіпті сақтау. Қандай да бір заңбұзушылыққа куә болған жағдайда Ішкі істер министрлігінің Әкімшілік полиция комитетіне немесе Өзіндік қауіпсіздік департаментіне, сондай-ақ 1402 сенім телефоны арқылы хабарласуға болады.