Алтайда тау шаңғы туризмі дамиды
Шығыс Қазақстанда тау шаңғы туризмі дамиды.
Отандық және шетелдік инвесторлар Алтай бөктерінде заманауи спорт кешендері мен қонақ үйлер салуға ынталы. Алайда мемлекеттік орман қоры аумағында жолдар мен көтергіштердің құрылысы кідіріп тұр. Қазір бұл сұрақты туризм және спорт, экология министрліктері қарастырып жатыр.
Қазір қыста табиғат аясына шығып шаңғы теуіп демалатындардың қатары көбейіп келеді. Мәселен қаңтар айында Глубокое ауданындағы Алтай тауларын 25 мың турист бағындырған. Солардың бірі – зейнеткер Римма Дмитриева.
Римма Дмитриева, турист:
-Мен Алтайға Павлодар облысынан келдім. Біз жақта жазық дала. Сондықтан жылына бір рет болсын, осында демалуға тырысамын. Табиғаты өте әдемі./
Туристер көбейген сайын кәсіпкерлер де өз ісін кеңейтуге ынталы. Қазір олар 5 аспалы жолға тағы екеуін қосқысы келеді. Бірақ оған жер мәселесі қолбайлау болып тұр. Бұл аумақ мемлекеттік орман қорына жатады. Александр Чиликин Сербия елінен жас көшеттер егіп, орман қорын ұлғайтуға үлес қосып жүрген кәсіпкер. Оның орнына ол тау шаңғы кешенін салуға жер алғысы келеді. Бірақ, әзірге рұқсат жоқ.
Александр Чиликин, кәсіпкер:
-Қазақстанда тау шаңғы кешеніне қатысты жүйе қалыптастыру керек. Әрине, мемлекеттік орман қорынан екінің-біріне жер берілмейді. Бірақ, біз бұл іспен бұрыннан айналысып келеміз. Сондықтан осы салаға көңіл бөлінсе дейміз.
Қазақстанда 10-нан аса тау шаңғы курорты бар. «Сондықтан бұл саланың туристік әлеуметі өте жоғары. Әсіресе замануи демалыс кешендері тапшы», - дейді сарапшылар.
Сымбат Рамазанов, облыстық кәсіпкер палатасы туризм кеңесінің төрағасы:
-Бұл жердегі бизнес өкілдері жаңағы лесной фондтың жерінде орналасқан. Оның бір инфроструктурасын дамытқысы келсе, қаржы тарту мәселесінде, инвестор тарту мәселесінде тығырыққа тіреліп жатыр. Сондықтан Үкімет тарапынан үлкен қолдау керек деп ойлаймын. Өйткені, бізге тау шаңғы маусымы өте қажет.
Шығыс Қазақстан облысында қазір тау шаңғы курорттар желісін құру жобасы әзірленіп жатыр. Оған Швейцария елінің мамандары тартылмақ. .
Ардақ Мәдиев, кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының басшысы:
-Жоба сараптамадан өткеннен соң қаржыландыру жағы қарастырылады. Қазір осы бойынша жұмыс істеп жатырмыз. Содан кейін жер мәселесі шешіледі.
Туризмді дамыту экономикалық тұрғыдан да тиімді. Мәселен, былтыр Шығыс Қазақстан облысындағы жаңадан ашылған демалыс орындары 200 млрд. теңге табыс әкелген. Бұл жерде елдің де имиджін де ескеру керек. Қазақстан соңғы 5 жылда халықаралық туристік рейтингте 30 сатыға көтерілді.
Авторлары: Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Вячеслав Ветлугин, Дмитрий Пыхтин