Таразда тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты 3300-ден астам дерек тіркелді
Жамбыл облысында бір жыл ішінде тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты 3300-ден астам дерек тіркелген. Бұл көрсеткіш 2023 жылмен салыстырғанда 7,3%-ға төмендеген.
Алайда отбасындағы ұрып-соғу, денсаулыққа қасақана зиян келтіру әлі де толықтай жойылған жоқ. Құқықбұзушылықтың алдын алу мақсатында өңірде арнайы бөлім ашылды.
Тараздағы дағдарыс орталығына жүгінгендердің бірі – бес баланың анасы, 40 жастағы мына келіншек. Есімін өзгертуді және жүзін жасырын ұстауды өтінген әйел соңғы жеті жыл бойы күйеуінің зорлық-зомбылығына ұшырағанын айтты. Оның сөзінше, жұбайы ішімдікке, есірткіге әуес болып, құмар ойынға тәуелділікке ұрынған. Соңғы уақытта ол тек әйеліне ғана емес, балаларына да қол көтере бастаған.
Гүлнұр, Тараз қаласының тұрғыны:
- Отбасынан көрі сондай жаман қылықтарға көбірек көңіл бөледі. Уақытын балаларға көңіл бөле алмайды. Балаларын қатты ұрады. Аямай ұрады. Адам даже құлын олай ұрмайды ғой. СКЛ Бір күні болмаса бір күні мен или балалардың біреуін өлтіріп қоя ма тағы да, или инвалид қылып қоя ма деп кетуге тура келді. Осы орталыққа келдік балаға шағамызбен бірге. Құдайға шүкір негізі қуанам осындай орталықтың барына.
Тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына арналған мекемеде қазіргі таңда 13 ана мен 35 бала қызмет алуда. Олар бұл жерде 6 айға дейін тұра алады. Мекемеде тегін тамақ беріледі, сондай-ақ зардап шеккен ана мен балаға психологтар көмектесіп, түрлі үйірмелерге қатысу мүмкіндігі қарастырылған. Психологтардың пікірінше, отбасындағы жанжал ата-анадан гөрі балаға екі есе әсер етеді. Сондықтан кейбір жеткіншектер екі айға дейін күйзелісте болуы мүмкін.
Ажаркүл Мұхамбетова, психолог
- Психологиялық травма алады. Оларда бойларында қорқыныш сезімі пайда болады. Депрессияға түседі. Осы жерге келген кезде оларда өздерін жақсы сезінбейді. Қорқыныш басым болады. Біз диагностика жүргізген кезде сол параметрлерді байқаймыз, қараймыз, тексереміз. Қандай состояниеде болып жатыр, соның бәрін зерттейміз. Сол арқылы біз олармен жұмыс жасаймыз. Әрқайсысына жеке план жасалады.
Былтыр аймақта отбасындағы зорлық-зомбылыққа қатысты 3300-ден астам іс тіркелген. Олардың жартысына жуығы бойынша әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қозғалған, ал қалған жағдайларда жәбірленуші әйелдер арыздарын кері қайтарып алған. Кінәлілердің бір бөлігіне ескерту жасалса, кейбірі 5-тен 15 тәулікке дейін қамауға алынып, айыппұл төлеуге міндеттелді. Сонымен қатар, 131 іс қылмыстық бап бойынша тергелді. 68 қылмыскер әйелдің денсаулығына қасақана зиян келтіргені үшін, ал 36-сы ұрып-соғу фактісі бойынша жауапқа тартылды. Осыған байланысты аймақта отбасылық қылмысқа қарсы арнайы бөлім құрылды.
Диляфруз Кинжеханова, Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес бөлімінің бастығы:
- 10 ауданда бізде кеңес беру кабинеттері ашылған. Ол жақта әлеуметтік және психолог мамандар жұмыс атқарып жүр. Егер әйелдер зорлық- зомбылықты көрген болса, ұялмай міндетті түрде 102-ге және сенім телефондарына хабарласуы қажет. Жамбыл облысы бойынша полиция департаментінде тұрмыстық зорлық злмбылықтың алдын алу бағытында көпетеген жедел алдын алу жұмыстары жүргізіледі.
Аймақта жаңадан ашылған бөлім алты негізгі бағытта жұмыс істейді. Бұрынғыдай тек құқықбұзушылықтарды тергеумен шектелмей, түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, отбасылық жанжалдардың алдын алуға да басымдық береді. Сондай-ақ жанжал куәгерлерінің қауіпсіздігіне де ерекше көңіл бөлінеді.Егер бұрын бөлім тек әйелдердің құқықтарын қорғаумен айналысса, енді ер адамдар да көмекке жүгіне алады. Мәселен, соңғы бір ай ішінде Тараз тұрғыны "өз әпкем мені ұрып-соқты" деп шағымданған, және оған тиісті құқықтық көмек көрсетілді.
Авторлары: Мерей Бает, Бақытжан Бапаев, Елдар Байділді