Былтыр косметологиялық және пластикалық ота бойынша 80-нен астам шағым түскен
Былтыр косметологиялық және пластикалық ота бойынша медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетіне азаматтардан 80-нен астам шағым түскен.
Дені мезотерапия, ботекс, блефаропластика, маммопластика сынды шараларға байланысты тіркелген. Жасарудың жолын іздеген қыз-келіншектер арасында аталған қызметтер қазір өте танымал. Себебі «қас қағым сәтте қабағыңды көтеріп, қыпша белді, аққу мойынды қыламыз» дейтін медициналық орталықтардың жарнамасы әлемжеліде самсап тұр. Бірақ, басым бөлігі көңілге күдік ұялатады.
Назым Қайрат, тілші:
- Қазір барлығы дерлік қыр мұрын, үрпиген ерін, үлкен қабақ пен Джоллидікіндей жақты қалайды. Қоғамда қыз-келіншектер арасында сұлулықтың осы бір ғана стандарты бекітілгендей. Содан келіп, косметологиялық орталықтарға жүгінетіндер қатары жыл сайын артып отыр. Мұндай медициналық мекемелерді әр қаладан кезіктіруге болады. Бірақ, оның 2 мың 600-ге жуығы ғана дерматовенералогия, дерматокосметология лицензиясымен, 300-дейі пластикалық хирургия саласы бойынша халыққа қызмет етеді. Қалғаны заңды белшеден басады.
Бағжан Мұхамедбек, ҚР ДСМ Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің басқарма басшысы:
- Былтырғы жылы 11 мың 700-ге жуық шағым келіп түскен болатын. Солардың 82-сі косметология және пластикалық ота жасау сапасына байланысты түскен шағымдар болып табылады. Біріншіден, мезотерапия, ботекс сияқты, одан бөлек беттің контурлық пластикасы бар. Егер пластикалық оталарға келетін болсақ, онда блефаропластикаға, мамопластикаға және липосакция сияқты процедураларға шағым жиірек түседі.
Қарлығаш Темірболат, Астана қаласындағы Эстетикалық медицина орталығының директоры:
- Косметология терінің жоғарғы қабатында ғана жұмыс істеуді көздейді. Егер сіздің косметологыңыз липоредукция, броулифтинг сынды қызметтерді ұсынса, бұл ешқандай да косметологиялық қызмет емес, бұл пластикалық ота. Сондықтан, бұлай деп айтқан адамдардан сақ болу қажет. Өйткені көп жағдайда дәрігер липоредукция, липосакцияны кабинетте жасап, салдарынан науқас жансақтау бөліміне түсіп жатады. Бірақ, ол туралы ешкім айта бермейді. Шағым болса, дәрігер айыппұл төлеп құтылып кетеді. Сөйтіп, ары қарай да жұмыс істей беруі мүмкін.
Эстетикалық медицина орталығы басшысының бұлай деп бәйек қағуы бекер емес. Арзан бағаға, сапасыз қызмет алып, денсаулығына едәуір кінәрат түскен азаматтар орталыққа жиі бас сұғады. Көбіне мұндай жағдай еліміздің әр аймағынан келген тұрғындардан ұшырасатын көрінеді.
Мамандар липосакция өлім жағдайына алып келуі мүмкін екенін ескертеді
Қарлығаш Темірболат, Астана қаласындағы Эстетикалық медицина орталығының директоры:
- Егер липосакцияны алсақ. Бұл іштегі майды кетіруге арналған ең күрделі емдік шараның бірі. Мұндай шараны артық салмағы бар адамдарға мүлдем жасатуға болмайды. Өйткені, науқастың арты салмағы болса, демек оның иммунитеті төмен, метаболизм жүйесінде ақау бар деген сөз. Ал ол липосакцияға барса, май жасушалары қан тамырларын бітеп, өлім жағдайына алып келуі мүмкін. Немесе инфекция кетіп қалуы да ықтимал.
«Сондықтан қайғылы жағдайдың алдын алу үшін мамандар бұл ретте сұлулықтан бұрын ағзаның саулығына баса мән беру қажет және кез келген орталыққа барғанда дәрігердің ресми органдардан алған сертификаты барына көз жеткізіңіз», - дейді.
Назым Қайрат, тілші:
- Ол қандай сертификат деп басқасымен шатастырып алмас үшін, сіздерге үлгісін көрсетейін. Мінеки, жоғары жағында міндетті түрде Денсаулық сақтау министрлігінің, оған бағынышты комитеттің атауы жазылады. Дәрігердің аты-жөні мен біліктілігі көрсетіліп, жарамдылық мерзімі мен тіркеу нөмірі қойылады. Ал қалған біліктіліктен өткен курс қағаздары не бір байқау грамоталары бұл сертификатпен теңестірілмейді.
Толқын Нұрбаева, Павлодар облысы бойынша Сауда және тұтынушылар құқығын қорғау департаментінің бас маманы:
- Адамдар «тегін жасап береміз» деген жарнамаға алданып, косметологқа барады. Ақырында, олар көрсетілген қызмет құнын да, бет терісін күтуге арналған косметиканы да қосып, тұтынушыға үлкен сома артып жібереді. Мәселен, бізге 800 мың теңгеге алданған бір тұтынушы жүгінді. Біз заңдық көмек көрсетіп, шағым жасап, қаражатты толықтай қайтаруға көмектестік.
Заңсыз жұмыс істейтін косметологтарға 70 АЕК дейін айыппұл көзделген
Бағжан Мұхамедбек, ҚР ДСМ Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің басқарма басшысы:
- Егер де қандай да бір құқықбұзушылықтар анықталып жатса, тиісті әкімшілік шара қолданылады. Біріншіден, лицензиясы, маманның сертификаты жоқ болады. Осындай жағдайда бізде 5-70 АЕК шамасында әкімшілік шара қолдану көзделген. Егер 1 жылдың ішінде ұйым осы құқықбұзушылықты қайталайтын жағдай болып жатса, онда бізде 30-700 АЕК дейін айыппұл шарасы көзделген.
Ал заңсыз медициналық немесе фармацевтикалық қызмет нәтижесі адам өліміне әкеп соқса, Қылмыстық кодекстің 322-бабына сәйкес, 3 жылдан 7 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Авторлары: Назым Қайрат, Бағдат Қайыркен