Оралдық қария – өңірдегі ең бай жеке кітапхана иесі
Бар ғұмырын журналистика мен жазуға арнаған оралдық Тихон Әліпқалиев – өңірдегі, бәлкім, еліміздегі ең бай кітапхана иелерінің бірі. 82 жастағы ақсақалдың үйінде 16 мыңға жуық кітап сақталған. Әлем классиктерінің туындыларынан бастап ғылыми-танымдық еңбектерге дейінгі қазына үш бөлменің алты қабырғасын толықтай жаулап алған. Үйге сыймаған кітаптардың бір бөлігі балконда, ал тағы біразы басқа үйде сақтаулы.
Тихон ағамыз кітап жинауды институт қабырғасынан бастапты. «Мен үшін ең қиыны каникулға кеткенде кітаптарымды қалдыратын жер табу болатын», – дейді ол. Әскерде жүргенде дүниежүзі әдебиетінің 200 томдығына, әлемдік балалар әдебиетінің 55 томдығына жазылыпты. Кітап қорындағы шығармалардың ең көнесі Сәбит Мұқановтың 1935 жылы басылған «Теміртас» романы болса, Қажым Жұмалиевтің «Қазақ әдебиеті» де антиквариаттар қатарында.
Тихон Әліпқалиев, ардагер журналист:
- 1948 жылы Жұмалиев, Есмағанбет Смайыловтар жазған «Қазақ әдебиеті» деген екі томдық кітап бар. Бір томын мен алғанмын. Сонда Қажым Жұмалиев Кенесары-Наурызбай жырлары деген тақырыпта Кенесары мен Наурызбайды мадақтап жырлаған жырларды зерттеп, сол жөнінде пайымдау тұжырым жасаған ғой. Сол үшін Қажым Жұмалиев халық жауы атанып, ұзақ жылға сотталған.
Әдеби шығармалардан құралған кітапхана бертін келе ғылыми-танымдық туындылармен толыққан. Әсіресе адамның рухани әлемі, жаратылыс сырын тануға Тихон ағамыз аса құштар. Өзі де түйгендерін қағазға түсіріп жүр. Әдебиет алыптарынан Ғабит Мүсіреповті жоғары бағалайтынын айтады.
Тихон Әліпқалиев, ардагер журналист:
- Қатар тұрған екі сөз бір-біріне сәуле түсіріп тұрмайтын болса, сосын жазушы манағы сөйлем жазғанының ішінде бір буынының артық не кем екенін сезінбейтін болса, сол дұрыс жазушы емес дегені бар. Шетел классиктері ішінде Тургеневті қаттырақ бағалаймын. Стилі өте ұнайды.
Тихон ағамыздың жары Сара Танабаева мәдениет саласының ардагері. Отағасына өмір бойы қолдау танытып келеді. «Қай қалаға барсам да, үйге базарлыққа алдымен кітап алатынмын», – дейді ол.
Сара Танабаева, мәдениет саласының ардагері:
- Өзінің жалақысын кітап қанша керек, содан аяған жоқ. Пенсиясы негізінен кітапқа кетеді. Тихонның, біріншіден, бас бостандығы, еркіндігіне оған қысым жасауға болмайды. Екіншіден, кітап алып жатырсың деп ренжуге болмайды. Үшіншіден, үйге қонақ келетін болса, оған қабақ шытуға болмайды. Сол үш қасиетпен биыл сол 60 жыл болады үйленгенімізге.
Бүгінде Тихон ағаның кітапханасында 16 мың кітап бар. Үйге сыймағасын бірқатары балконда болса, енді біразын басқа үйге қойыпты. Үш бөлменің алты қабырғасындағы сықасқан сөрелер үйдің ішін тарылтқанымен, қарт қаламгердің рухани әлемін шексіз кеңітіп тұр. «Жуырда қатты сырқаттанғанда ең алдымен осы кітаптарымды ойладым», – дейді ол.
Тихон Әліпқалиев, ардагер журналист:
- Мына кітапты менің ұрпағым алып пайдаға асыратын жағдайы жоқ және жастардың ондай ой-пиғылы да жоқ қой енді. Сондықтан жұрт таласып, жан-жаққа тартып алып кетсе, ол да өкініш бір жағынан. Сосын мына бір жерлерде кітапхана ұйымдастырылайын деп жатыр. Жинап-теріп алып кетсе, жәшігімен беріп құтылғым келеді.
Кітап – білім бұлағы болса, кітапхана – рухани байлық ордасы. Дүние жимай, білім жиған оралдық Тихон Әліпқалиевтің кітапқұмарлығы – өскелең ұрпаққа өнеге.
Авторлары: Е. Жылқайдарұлы, Қ. Ақрап, Э. Аюпов.