Қарағандыдан Мәскеуге дейін жүгіріп барған желаяқты білесіз бе?

Қарағандыдан Мәскеуге дейін жүгіріп барған желаяқты білесіз бе? 70-тен асқан қарт тақауда 42 шақырымға да қиналмай-ақ барып қайтты. Бұл жолғысы өзінің 93-ші марафоны.

Бастапқыда дене тәрбиесі пәнінің мұғалімі, одан кейін 30 жылға жуық кенші болған Жаманбек Төлеутай жұмысты тастаса да, спортты тастаған жоқ. Жетпістен асты демесеңіз, жүгіргенде жас жігіттерді шаң қаптырады.

Ең бек ардагері Жаманбек Төлеутай егде тартқан жасында Азия чемпионы атанды. Әскерден келген жылдары алдымен дене тәрбиесі пәнінің мұғалімі, одан кейін 30 жыл шахтер болды. Қазір зейнетте. Бірақ әлі спортпен шұғылданады. Ол өзінің жас көруінің сырын жүгірумен байланыстырады.

Төлеутай Жаманбек, марафоншы:

- 70 деп айтпайды, бір 50 жас. Автобуста проездной тексергенде айтады да, документ көрсетіңіз дейді,  пенсионер емессің дейді. Адам өзін-өзі күту керек.  Жақсы тамақ ішіп, жақсы ұйықтау керек. Шылым шекпеу керек, арақ ішпеу керек, насвай атпау керек. Осылай жақсы өмір сүруі керек.

Ол осыған дейін 93 республикалық және халықаралық жарысқа қатысыпты. 300-ге жуық медаль мен марапаты бар. Бүгінде Қарағанды қаласының ұзақ өмір сүру орталығына тұрақты келіп тұрады. Осында жүгіруден өзге тағы бірнеше үйірмеге жазылған. Олардан да үздік нәтиже көрсетіп жүр.

Бекен Уахитов, «Ұзақ өмір сүру» орталығы директорының орынбасары:

- Осы клубқа ашылғалы бері тіркелген. Осы аралықта 4-5 рет әр жерге барып, жүлдемен оралды. Ол бізге мақтаныш. Осындағы барлық үйірмеге қатысып жүр. Биге де, йогаға да, тренажоркаға  да қатысады өз уақытына байланысты.

Төлеутай Жаманбек қатысқан ең үлкен жарыстың бірі – 2006 жылы Үндістанда өткен дода. Сол сайыста қола жүлдені қанжығалаған.  Одан бері қанша уақыт өтті. Жақында жетпістің біріне келеді. Туыстары «енді аттың басын тартсаңшы»- деп те қалжыңдайды екен. Оған спортшының өз жауабы бар.

Төлеутай Жаманбек, марафоншы:

- Қарағандыдан Москваға жүгіріп бардық. 6 сағат жүгірдім, кейін 12 сағатқа қатыстым. Сосын тәулік бойы жүгіретін ультра марафонға қатысып көрдім.  Ол уже фанатиктер. Әйелім, балларым айтады, көршілерден ұят қой, қойсаңшы деп, бірақ тыныш отыра алмаймын, байлап қою керек.

Төлеутай Жаманбектің айтуынша, Қарағандыда мықты марафоншылар көп. Тек оларға қолдау болмай тұр. Соның салдарынан жарысқа көбі өз жиған-тергенімен барады. Бұған Төлеутай сынды өзге жандардың жағдайы келе бермейді.

Авторлары: Дәуренбек Бағдәулетұлы, Зарина Зұлпыхар