Қызылорда облысында ерекше жылыжай жұмыс істейді
Бабын тапқан бағбан шеге құмға да егін егіп, өнім алады. Қызылорда өңірінде осындай ерекше жылыжай бар. Тіпті энергия мен артық суды да қажет етпейді. Тыңайтқыш пен топырақты да сатып алмайды. Жылыту әдісі де өзгеше, деп хабарлайды «Хабар 24».
Жылыжайдың төбесі мен қабырғасы кәдімгі полиэтилен жабындысымен екі қабат етіп қапталған. Тек бір ерекшелігі, оның арасына арнайы қондырғы арқылы үнемі жылы ауа үрленеді. Осы қарапайым физикалық тәсіл қыстыгүні жылыжай ішін жаздай жадыратып тұр.
Ерлан Жаппасбаев, жылыжай иесі:
- Ортадан жылы ауа өткесін, даланың суығы ешқандай сезілмейді. Дала осы тұрғанда – 17 градус. Мынаның ішін көріп тұрсыз, ешқандай жылу қосылып тұрған жоқ, температура 25 градус жылы.
Ақпанның суығында 5 мың түп салат жапырағы күтімге алынып, әлсін-әлсін сұранысқа қарай өнім жиналады. Барлық құрылғы күн панельдері және жел генераторынан энергия алады. Үнемшіл технология тек бұл ғана емес.
Нұрлан Жақыпбеков, тілші:
- Аумағы 130 шаршы метрлік жылыжайға аптасына небәрі 20-30 литр ғана су қажет екен. Өйткені мұнда арнайы тіршілік нәрін үнемдейтін технология жасалған. Мынадай әр түпке құбырдың бойымен су беріледі және ол арнайы фильтр арқылы қайта тазаланып, қайта суаруға жіберіледі. Дәл осылайша, мына 1 ай бұрын ғана егілген өсімдік жайқалып, жемісін беріп тұр.
Сыр өңірінің климаты қатал, топырағы тұзды келеді. Ал мұндай жылыжайға құнарлы топырақты сырттан сатып алу тым қымбат, - дейді мамандар. Сондықтан салат жапырағын құмға егудің де тәсілін тапқан.
Бақытбек Жалғасбаев, бағбан:
- Шылаушын астында бәрі тұрған. Осылардың астынан биогумус алынады. Кәдімгі өзіміздің шеге құмға араластырып, бірге бір салып, соған егіп жатырмыз.
Жылыжай бағбандары биореактор қондырғысы арқылы аз мөлшерде газ өндіріп отыр. Сонымен қатар сұйық тыңайтқышты да дайындайды. Қармақшылық тұрғын алдағы уақытта жылыжай аумағын еселеп кеңейтіп, көкөніс бағасын арзандатуға ықпал етуді жоспарлап отыр.
Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Ақан Әлиев.