Павлодар облысында үй жануарларына вакцина салынады

Павлодар облысында төрт түлік пен ит-мысықты қауіпті  инфекцияларға қарсы егу науқаны басталады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ол үшін  2,4 млрд теңгеге 2,8 млн доза вакцина алынған. Жыл басынан бері Ертіс және Железинка аудандарында құтырып аурудың 6 фактісі тіркелген. Қауіпті кесел 4 ит пен 2 ірі қарадан табылған. Әдетте індетті түлкі мен қарсақ таратады. Аурудың ошағы тіркелген аумақ ерекше бақылауға алынып, залалыздандыру шаралары жүргізілген. Үй жануарларына вакцина егілді.  Қауіпті ауруды  жұқтырған жануарлардың өлексесі өртеледі. Жалпы, облыста 20 стационарлық және 2 жылжымалы крематорий бар. Биыл тағы бесеуі алынады. Ветеринарлар осылайша мал қорымдарын біртіндеп жабуды көздеп отырмыз, - дейді. Қазір өңірдің эпизоотикалық жағдайы тұрақты. Биыл қаңғырып жүрген ит, мысықтар да  есепке алынады.

Асылтас Тілеубаев, Павлодар облысының Ветеринария басқармасы басшысының м.а.:

- Жоспар бойынша 3 мыңдай жануарды есепке алу жоспарланып отыр. Бұл мақсатқа бюджеттен қаржы бөлінеді. Индентификациялауға 6 млн теңге, екпе жасау мен  стерильдеуге 27 млн теңге қарастырылып отыр. Әлеуметтік аз қамтылған адамдардың үй жануарларына бұл қызмет тегін көрсетіледі.