БҚО тұрғыны қардан полиция көлігін қалап шықты

Шалғайдағы ауылда шамын жарқылдатып МАИ көлігі тұр.

Бірақ таяу барсаңыз, оның тек макет екенін аңғарасыз.

Ия, қалауын тапса қардан талай дүние жасауға болады. Батыс Қазақстан облысындағы Достық ауылының тұрғыны қардан полиция көлігінің көшірмесін айнытпай қалап шыққан.

Енді шебердің бұл туындысын қызықтап, алыстан арнайы келіп жатқандар да бар екен.

– Мынандай, сосын мынандай үш положение (мигалкасы).

– Керемет, керемет!

– Главный мынау ғой, құрттай стробоскоп қой. Содан проводтар шығардым, міне ішін ашып.

Үйдің ауласын тәулік бойы патрульдік полиция күзетіп тұрғандай. Алыстан көргенде көліктің жай ғана макет екенін аңғару мүмкін емес. Нәдір Қуанаев мұны жасауға 6 күн кеткенін айтады. Қардан қаланған туындының биіктігі бір жарым метр, ал ұзындығы үш метр шамасында.

Нәдір Қуанаев, Достық ауылының тұрғыны:

- Бұл идея құрттай стробоскоптен басталды. Сол құрттайдан үлкенін шығарып тұрмын ғой. Қар жинап, коробка құрып, соған толтырып, тығыздап, февральдың 15-інен бастап уже іске кірісіп кеттім. Ол уақытқа дейін қар болған жоқ. Біресе еріді, көп жауған жоқ 

Нәдір 25 жаста. Кәсіби мамандығы механизатор. Қазір қаладағы кәсіпорындардың бірінде ауыр техника жүргізеді. Техникаларды жөндеуге де, электр сымдарын жалғауға да шебер. Патрульдік полиция көлігінің макетіне тағылған әртүрлі жарықшамдарды бір сымға жалғап, бір құрылғы арқылы басқаратын қылыпты. Ал көліктің төбесіндегі сигнал жабдығының көшірмесіне ағашты пайдаланған.

- Бұл әйнек емес, бұл ағаш. Ал мынау базарда сатылатын жарықшамдар. Мұны көбі арнайы сатып алды деп ойлап жатыр, но на самом деле бұл ағаш.

Қуанай Рахмашев, Нәдірдің атасы:

- Бала деген түнімен жатпайды. Сағат түнгі екіге дейін қолында пышағы,  құралдарымен осы қарды қашайды да жатады. «Айналайын, демалсаңшы, таңертең жұмысың бар ғой» десем, «жоқ, ата, менің кішкене шаруаларым бар, мынаны істеп тастайын» дейді. Ерінбейді бала.

Қардан қаланған көліктің видеосы аз уақыт ішінде әлеуметтік желіге тез тарап кетті. Жұртшылық таңданысын білдіріп, шеберге тілегін жаудырып жатыр. Ғажайып макетті көзбен көруге келгендердің де қарасы көп.

Есет Ғұмаров, Достық ауылының тұрғыны:

- Ұнады, ұнады. Мен үнемі келіп қарап кетемін. Өнері үстей берсін баламыздың енді. Қорқып мына жердегілер, ішіп айдауды қоятын шығар мынандайдан енді. Бүгін көршім айтып тұрған «мынадан бәрі қорқып жатқан болар» деп.

Айта кетейік, бұл макет Нәдірдің алғашқы туындысы емес. Ол былтыр ақұлпадан облыстың орталық мешітін бейнелеген еді. Ауыл тұрғыны қардан түрлі макеттер қалауды ермегіне айналдырған.

Еркебұлан Смадияров, Болат Жарылғасов, Елдар Аюпов