Шымкентте жол құрылысын жүргізген 41 мердігер айыппұл төлейді
Шымкенттегі тағы бір шатақ. Жол құрылысын жүргізген 41 мердігер жауапқа тартылды. Өйткені асфальтты дұрыс төсемеген, деп хабарлайды «Хабар 24».
Сапасы сыр берген жолдар енді қайта жөнделеді. Мердігер компаниялардың көбі кемшілікті жоямыз десе, бірі сот арқылы ақталуға тырысқан. Әкімдіктің мәліметі бойынша, биыл шаһар көшелерін асфальттауға бюджеттен 37,8 млрд теңге қаржы бөлінген. Оның 500 млн теңгесі ойық-шұңқырларды жөндеуге жұмсалады.
Мақсұт Исахов, қала әкімінің орынбасары:
- Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы 41 ұйымның жұмысына қатысты тексеруден кейін жауапкершілікке тарту шараларын қабылдады. Оларға салынған айыппұлдың көлемі 62,8 млн теңгені құрады. 4 мердігер компания жол құрылысынан шеттетіліп, «қара» тізімге енгізілді.