Абай облысында 60 пәтерлі баспана пайдалануға берілді

Абай облысының Ақсуат ауданында 300-ге жуық адам баспана кезегінде тұр. Үй күтіп жүргендер – көпбалалы аналар, тұрғын үйі апатты жағдайда тұрғандар,  жетім балалар мен мемлекеттік қызметкерлер, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мәселені шешу үшін мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында өңірде соңғы 3 жылда 60 баспана салынды. Тұрғын үй құрылысы биыл да жалғасады.

2007 жылы үй кезегіне тұрған Ақсуат ауылының тұрғыны Айгүл Қазыбекова былтыр баспаналы болды. 2 бала тәрбиелеп отыр. Бірі мүмкіндігі шектеулі болғандықтан, талай жыл қиындық көргенін жасырмайды.

Айгүл Қазыбекова, Ақсуат ауылының тұрғыны:

- 2004 жылдан бері пәтер жалдап жүрдік. Қиналдық. Кең үйге қол жеткіздік. Балам үйден оқиды. Өз бөлмесі бар. Мұғалімдер келіп, сабағын береді.

Ақсуат ауданы әкімдігінің мәліметінше, өңірде 266 азамат баспана кезегінде тұр. 2020, 2021 жылдары 90 шаршы метрлі, 2022 жылы 65 және 85 шаршы метрлі үйлер пайдалануға берілген. Құрылыс тек Ақсуат ауылында ғана емес, Екпін елді мекенінде де жүргізіліп жатыр.

Ерсін Ескендіров, Ақсуат ауданы әкімінің орынбасары:

- Көп балалы аналарға, аз қамтылған отбасыларға басымдық беріледі. Былтыр дәрігерлерге, жетім балаларға үй берілді.

Қазір мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында Ақсуат ауылында 12 пәтерлі алты үй салынып жатыр. Жалпы, 2023 жылы 13 баспана тұрғызу жоспарланған. Ал Абай облысында өткен жылы 340 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді.

Авторлары: Азамат Қасым, Медет Өмірханов.