Ақмола облысында көктемгі егіс науқаны басталды
Ақмола облысының шаруалары көктемгі дала жұмыстарына кірісіп кетті.
Биыл аймақ диқандары 5 млн 200 мың гектардан астам жерді игереді. Оның 90 пайызына дәнді дақылдар себіледі. Жеңілдетілген бағадағы дизель отыны жергілікті шаруашылықтарға үлестірілді. Жалпы өңірдегі егіс науқанына 16 мыңнан астам техника жұмылдырылды.
Ақмола облысы – аграрлы аймақтың бірі. Елімізде өсірілетін бидайдың 25 пайызы өңір шаруаларының үлесінде. Биыл да жергілікті диқандар жылдағы межені бағындыруды көздеп отыр. Бірақ құрғақшылықтан қауіптенеді. Сол себепті көктемгі дала жұмыстары аяқталысымен, бірден құрғақшылықтың алдын алу шараларына кіріспек ниетте.
Сергей Мишин, агроном:
- Егіс науқаны аяқталғасын біз алқапқаптарды арнайы техникалармен таптаймыз. Бұл жердің беткі қабатын нығыздап, оның құрғап кетпеуіне жағдай жасайды. Яғни жердегі ылғалды сақтап қаламыз. Содан кейін тырмалау жұмыстары жүргізіледі. Ал қалғаны жауын-шашынға байланысты болады.
Жалпы, аймақта егінмен айналысатын ірілі-ұсақты 6 мыңға жуық шаруашылық бар. Биыл оларға мемлекет тарапынан 70 мың тоннадан астам арзандатылған дизель отыны бөлінді. Оның алғашқы бөлігі диқандарға жеткізілді. Ал осы жылы шаруаларға бөлінген субсидия көлемі 13 млрд теңгеден асып жығылады.
Медет Досжанов, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы:
- Қазіргі уақытта біз субсидия бойынша өтініштер қабылдап жатырмыз. Тыңайтқыштарға өтініштер түсуде. Жалпы тыңайтқыштрға жергілікті бюджеттен 3,2 млрд теңге бөлінді. Тұқым шаруашылығы 617 млн теңге бөлінген. Қазіргі уақытта соның 200 млн теңгесіне өтінім қабылданды. Ал өтінімдерді қабылдау 2023 жылдың 1-ші желтоқсанына дейін жалғасады.
«Аймақтағы осы жылғы тұқым қоры – 533 мың тонна. Бұл межеленген алқапқа толығымен жетеді», - дейді, сала мамандары. Сондай-ақ, биыл егіс алқабы 59 мың гектарға ұлғайған. Ауа райы қолайлы болса, көктемгі дала жұмыстары маусым айының 5-не дейін аяқталады деп жоспарлап отыр.
Авторлары: Абзал Азаматұлы, Евгений Щинкоренка