Ақмола облысында балалар үйіне көлік тарту етілді

Ақмола облысында өткен «Qazaq Green Fest» халықаралық фестивалі аясында Щучинск қаласындағы балалар үйіне су жаңа автокөлік тарту етілді. Темір тұлпардың кілтін «ALLUR» компаниясының өкілдері табыстады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қазір мамандандырылыған балалар үйінде 40-тан астам жеткіншек тәрбиеленіп жатыр.

Жеткіншектер мен тәрбиешілердің қуанышында шек жоқ. Себебі бұл – олар үшін көптен күткен автокөлік. Осы уақытқа дейін көліктің жоқтығынан олар алыс-жақын жерлерге автобуспен қатынап келген. Қолдағы бар көлік әбден ескіріп, жүруге жарамай қалған. 

Айгүл Жұматаева, «Мамандандырылған Щучинск балалар үйі» мекемесінің бас дәрігері:

- Біздің жеңіл көліктің әбден тозығы жеткен. Қазір жұмыс істемейді. Бүгін, міне, фестиваль аясында жаңа темір тұлпар алып жатырмыз. Қуанышымызда шек жоқ. Міне, көріп тұрғандарыңыздай, осындай су жаңа көлік сыйлады.  «ALLUR AUTO» компаниясына өз атымыздан, балғындардың атынан зор алғысымызды білдіреміз.

Балалар үйінде 44 бала бар. Оның 11-і тәуліктік, 33-і күндізгі стационарда. Мұнда қиын жағдайға түскен отбасылар мен жалғызбасты аналарлардың балалары үшін де жағдай жасалған. Бүлдіршіндерге толығымен медициналық көмек көрсетіледі. Олар емханаға қаралып ем-домын алу үшін Астана мен Көкшетау қалаларына жиі қатынайды. Енді мына сыйға берілген көлік балалар үйінің игілігіне жарайды. 

Нұрлан Қапенов, «Qazaq Green» ЖЭК қауымдастығы директорлар кеңесінің төрағасы:

- Біз қайырымдылық акциясына демеуші іздеген кезде ең бірінші болып «ALLUR AUTO» компаниясы жауап берді. Небәрі 10 минуттын ішінде шешім шығарды. Біз алғашында тек жеңілдік бойынша жүгінген едік. Бірақ компания өкілдері болса толығымен фестиваль мен қайырымдылық акциясына демеушілік жасап, балалар үйіне жаңа көліктің кілтін сыйға тартты. 

Бурабайдағы балалар үйі ашылғалы 80 жылға жуықтады. Осы уақыт ішінде талай жасөспірім білім алып, тәрбиеленді. Ал қазір мұнда тек 3 жасқа дейінгі сәбилер ғана тұрады. Жасы жеткенде аймақтардағы өзге де балалар үйіне ауыстырылады.

Авторлары: Абзал Азаматұлы, Виктор Полянный.