Аумақтық қорғаныс әскерлері Ақтауда жаттығу өткізді
Ақтауда энергетикалық комбинатты қарулы топ басып алмақ болды.
Әскерилер стратегиялық маңызды нысанға баса-көктеп кіріп, өз мақсатына пайдалануға тырысқан лаңкестерге батыл тойтарыс берді.
Мұнайлы ауданындағы арнайы полигонда өткен оқу-жаттығу бағдарламасы осылайша өрбіді. Аумақтық қорғаныс әскерлерінің тактикалық ұрыс тәсілдерін жетілдіруі Маңғыстау облысы әкімі орынбасарының басшылығымен өтті.
Қарулы топтың Ақтауға теңіз суын тұщытатын энергонысанға шабуылы шынайы ұрысқа мейлінше жақын жағдайда өтті. Аумақтық қорғаныс әскерлері оқ жаудырып, лаңкестердің көзін жойды. Шайқаста жараланғандарға шұғыл медициналық көмек көрсетіліп, өрт сөндірушілер ғимаратта шыққан жалынды өшірді. Осылайша әскерилер мен арнайы қызмет мамандарының үйлесімді қимылы іс жүзінде көрініс тапты.
Серік Әсілбеков, облыс әкімінің әскери қауіпсіздік және қорғаныс мәселесі жөніндегі көмекшісі:
- Іс-шараға Маңғыстау облысының қорғаныс істері жөніндегі басқармасы атсалысты. Солардың шақыруымен азаматтық өмірден 78 адам шақырылды. Ішінде офицерлер, сержанттар, сарбаздар бар. 24 мамырдан басталып, ең соңғы практикалық көрінісін 2 маусымға жоспарлаған болатынбыз. Ойдағыдай атқарылды.
Сапта тұрған бірқатар жауынгер бұрын әскерде болған. Түрлі салада еңбек етіп жүрген жігіттер 10 күн бойы қару ұстап, дала және көше жағдайында ұрыс жүргізу тәсілдерін қайталады. Отан алдындағы борышын теңіз жаяу бригадасында өтеген Нұрбол Жұмабай қазір мемлекеттік қызметші. Оның айтуынша, туған жерін қорғау - әр азаматтың басты міндеті.
Нұрбол Жұмабай, ішкі саясат басқармасының бөлім басшысы:
- Алдымызға қойылған мақсат-міндеттерді түгелдей орындадық. Жалпы қазіргі әлемдегі ахуалға байланысты мемлекетімізде жауынгерлік даярлықты шыңдау өте маңызды болып табылады. Өйткені, әрбір қазақстандық азамат өз Отанын қорғауға міндетті. Сол себепті бүгінгі оқу-жаттығу біздің даярлығымыздың қандай деңгейде екенін көрсетті.
«Батыл тойтарыс-2023» командалық-штабтық оқу-жаттығуы маусым-шілде айлары тағы 4 өңірде өтеді. Әскери жиынға шақырылған азаматтардың жұмыс орны мен қызмет лауазымы сақталады. Сонымен бірге мемлекет есебінен орташа жалақы төленеді.
Талғат Исламұлы, Ренат Досалиев