Дала заңында сот төрелігі жемқорлыққа қалай жол бермеді?
Қазақтың мемлекеттік басқару жүйесі қалай құрылған?
Алаштың ардақтылары осы дала заңына неге қайта жүгінбек болды?
Мәскеу архивінен алашордашы Жаһанша Досмұхамедовтың дипломдық жұмысы табылды. Құнды құжатты Алаш жұртымен қауыштырған Мұхтар Исаев. Түркістандық жас ғалым тарихи құжатты қалай тапты? Онда не жазылған?
Мұхтар Сейітханұлы өткен жылы Халықаралық «Болашақ» стипендиясын иеленіп, Михаил Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінде білімін шыңдаған. Сонда жүріп қазақтың тарихы мен Алаш зиялыларына қатысты зерттеу жүргізгенін айтады. Мұрағаттарды ақтарып, бұрын еш жерде жарияланбаған тарихи құжаттармен танысыпты. Тынбай ізденістің нәтижесінде Алаш Орда үкіметінің белді мүшелерінің бірі Жаһанша Досмұхамедовтың 1910 жылы Мәскеу императорлық университетінің заң факультетін бітірер кезінде жазған дипломдық жұмысын тауып алған. Ғылыми еңбек 35 беттен тұратынын айтады.
Мұхтар Исаев, Қ.А.Яссауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің аға оқытушысы:
- Дипломдық жұмыс 4 бөлімнен тұрады. Алғашқы бөлімдерінде заң саласындағы теорияларға тоқталып, бірнеше үлкен теориялық жұмыстарға өзінің сілтемесін жасайды. Кейінгі бөлімдерінде қазақ даласындағы әдеп-ғұрып ұйғарымдарына құқықтық ережелерге байланысты нақты негіздеп, ғылыми тұрғыда жазған дүние ретінде біз осы Ж.Досмұхамедовтың дипломдық жұмысын атауымызға болады.
Жас ғалым Жаһанша Досмұхамедовтың дипломдық жұмысына диссертация ретінде қарауға болатынын айтады. Себебі ғылыми еңбекте қазақ даласында ғасырлар бойы қалыптасқан мемлекеттік басқару жүйесінің болғандығын және оның құқықтық негіздері адамды құрметтеуге бағытталғанын айтады. Сондай-ақ тарихи құжатта патшалық отарлау саясатының және қазақ даласында қабылдағанған далалық ережелердің кемшін тұстарын атап көрсеткен.
Мұхтар Исаев, Қ.А.Яссауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің аға оқытушысы:
- Жұмыстың қорытындысында қазақ даласында қалыптасқан осындай үлкен әдеп-ғұрыптық, заңдық ережелерді қайта қалпына келтіріп, сот төрелігін қазақтың өзінің арасынан шыққан әділ, ешқандай жемқорлыққа бой алдырмайтын сот төрелігіне жүгінсек, соны қайта қалпына келтірсек деген өзінің ойларын айтып өтеді.
Жаһанша Досмұхамедов 1910 жылы университетті бітіргеннен кейін Орал қаласында статист болып жұмыс істеген. Сонда жүріп жергілікті басылымға дипломдық жұмысының алғашқы беттерін жариялаған. Алаштанушылар, сол мақаладан кейін Жаһанша Томск қаласына жұмысын ауыстырып, сонда барып тұруға мәжбүр болғанын айтады. Ал Мұхтар Сейтханұлы «тарихи құжаттың маңыздылығын түсінген сайын Алаш азаматтарынан қалған құнды мұралардың қатпарлары әлі де толық зерттеуді қажет ететініне көзім жетті» дейді.
Жандос Жұмабек, Қуаныш Әбуов