Өрт ошағына тым жақын орналасқан үш ауылдың халқы көшірілді

Өрт ошағына тым таяу орналасқан үш ауылдың 50-ден астам тұрғыны Семейдегі жатақханаларға орналастырылды.

Олардың дені балалар, әйелдер мен қарт кісілер. Ерлердің көбі үй мен малды қарау үшін ауылда қалды. Бородулиха ауданында 2, Семейде 9 эвакуациялық орын дайындалды. Бородулиха ауданы мен облыс орталығының іргесіндегі 5 елді мекеннің 700-ден астам адамы қауіпсіз жерге көшірілді.

Алты баланың анасы Юлия Шевченко колледждің жатақханасына түнгі сағат бірде келіпті. «Бүкіл техника, жиһаз-жабдық, үш мотоцикл ауылда қалды. Тезірек үйге оралсақ екен» дейді ол. 

Юлия Шевчкенко, Талица ауылының тұрғыны:

- Осында отырмыз. Тамақтандырып, барын салып күтіп жатыр. Дегенмен, «ауыл-аймағымыз не боп жатыр екен» деген алаңдаулы күйдеміз. Үйге қайтқымыз келеді. 

Бақытгүл Бұлыбаева, Талица ауылының тұрғыны:

- Мында кеше сағат 10-ға таман келдік. Сағат 08:00-де эвакуация дедік. Күндізден бастап өрт сөндірушілер кезекшілік жасады. Ол уаққа дейін халыққа түсіндірдім. Дайын тұрыңыздар, ең бірінші керек заттарыңызды, документтеріңізді.

Семейдің іргесіндегі Талица, Половинка, Каштак ауылдарының 51 тұрғыны қаладағы екі колледждің жатақханасына орналасыпты.  

Біржан Бұлабаев, эвакуациялау жөніндегі штабтың өкілі:

- Біздің қаламызда колледждердің, университеттердің, мектептің жатақханаларында сол адамдарды эвакауция жасау үшін арнайы орындар жасақталып, дайын болған болатын. Кешегі түні бізде педагогоикалық колледж бен Қалматаев колледжінің жатақханаларына 50-ден астам орналастырылды. Оларды түнде тосып алып, адамдарға тамақ беріліп, барлық жағдай жасалды.  

Бірнеше күннен бері өрт өршіп тұрған Бородулиха ауданында 350 кісілік 2, Семейде 900 адам сиятын 9 эвакуациялық орын дайындалған.  Халықты жедел көшіруге 10 автобус жіберілген.

Азамат Қасым, Берік Жобалайұлы