Озерск ауыл округінен елуге жуық адам Семейге эвакуацияланды
Озерск ауылдық округінің үш елді мекенінен 50-ге жуық адам Семейге эвакуацияланды.
Бұл туралы Абай облысы білім басқарамасының мәліметіне сүйеніп, балалардың құқықтарын қорғау комитеті хабарлады. Қауіпсіз жерге көшірілгендердің ішінде 1 мен 14 жас аралығындағы 13 бала бар. Барлығы жатахана, колледж ғимараттарына орналастырылып, қажетті заттармен қамтамасыз етілді. Қазір олармен кәсіби психологтар жұмыс істеп жатыр. Айта кетейік, төтенше жағдайдан жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар орналасқан мекемелер мен жазғы демалыс орындары зардап шеккен жоқ. Балалардың құқықтарын қорғау комитеті балғындардың жағдайын жіті бақылауда ұстап отыр. Комитет отбасыларға қажетті қолдау-көмек көрсетуді одан әрі жалғастыратынын хабарлап отыр.