Абай облысындағы өрт кезінде еңбек қауіпсіздігі сақталмаған
Абай облысындағы өрт кезінде адам шығынына әкелген еңбек қауіпсіздігінің бұзылу себептерін Еңбек министрлігі анықтайды.
"Семей орманы" мемлекеттік орман табиғи резерваты аумағында болған оқиғаның мән-жайын тергеу үшін Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Склярдың төрағалығымен арнайы Үкіметтік комиссия құрылды. Комиссия құрамына төраға орынбасары болып еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Олжас Ордабаев, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау комитетінің төрағасы – Бас мемлекеттік еңбек инспекторы Төлеген Оспанқұлов, басқа да мемлекеттік органдардың, облыс әкімдігінің, жұмыс берушілердің және қызметкерлер кәсіподағының өкілдері кірді.
Сәкен Ділдахмет, ҚР ЕХӘҚМ баспасөз хатшысы:
- Арнайы Үкіметтік комиссия құрамында Абай облысына ұшып кетті. Мемлекеттік органның қызметкерлері "Семей орманы" мемлекеттік орман табиғи резерватының аумағында өртті сөндіру кезінде еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау талаптарының бұзылуына жол берген адамдарды анықтау үшін тергеу жүргізеді. Ведомство өкілдері зардап шеккендердің отбасыларына қажетті әлеуметтік көмек көрсету көлемін анықтайды. Арнайы комиссия келтірілген залалдың көлемін белгілеп, зардап шеккендер мен қаза тапқандардың отбасыларына бірінші кезектегі көмек көрсету жөнінде шаралар қабылдайды. Арнайы Үкіметтік комиссия жұмысты 10 жұмыс күні ішінде аяқтайды. Тергеу нәтижелері қосымша хабарланады.