Шымкентте жасыл желек қоры ұлғаяды
Шымкентте игерусіз жатқан жер телімдерінің қайтарылуы жасыл желек қорын молайта түсті, деп хабарлайды «Хабар 24».
Қазір қайтарылған аумаққа жеміс-жидек ағаштарын отырғызу көзделіп отыр. Ауыл шаруашылығы басқармасының есебінше, бұл іс экологияны жақсартудан өзге, оңтүстік өңірде азық-түлік өнімін ұлғайтуға да септігін тигізеді. Сөйтіп, мегаполистің жасыл белдеуі тағы 900 гектарға артпақ. Ал суару мәселесін инвесторлармен бірлесе шешу жоспарланып отыр. Жоба бойынша кәсіпкерлер құдық қазып, су шығаруы қажет. Бұл ретте әкімдік су көзін іздеп табуға субсидия бөлуді сұрап, тиісті министрлікке ұсыныс жасады. Қазіргі күні инвестициялық субсидия аясында мемлекет отырғызылған бақ шығынының 25%-ін өтейді.
Әбунасыр Жанбатыров, қалалық Ветеринария және ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы:
- Қазір құдық қазып беруге дайын бірнеше инвесторлар бар. Олар алдағы уақытта өздері еккісі келеді. Тағы 3 инвестор өз жобаларын іске асырып жатыр. Мұндағы біздің мақсатымыз – импортты алмастыру және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету.