В. Ким: Волонтерлерге мемлекеттік сақтандыру қажет
Қазақстандық еріктілерге мемлекеттік сақтандыру қажет.
Бұл жөнінде бүгін халықаралық форум барысында ұлттық волонтерлік желінің төрағасы Вера Ким айтты. Оның айтуынша, қазір олар елде болған апаттарда, хабар-ошарсыз кеткен адамдарды іздеуде белсенділік танытып жатыр. Осындай қиын қыстау сәтте еріктілер өз өмірлеріне қауіп төнсе де, көмекке келеді. Сондықтан волонтерлерді де жан-жақты қорғау керек. Бұл бастаманы қазір жүзеге асыру мүмкін болмай тұр. Себебі, елде төтенше жағдайлар кезінде нақты жұмыс істей алатын волонтерлердің санын анықтау қиынға соғуда.
Вера Ким, ұлттық волонтерлік желінің төрағасы:
- Біз орталық атқарушы органмен жұмыс істеп, тиісті оқыту курстарынан өтіп, сертификат алғанын қалаймыз. Осы кезеңдердің барлығынан өткеннен кейін апат салдарын жоюға ат салыса алады. Кейін мемлекет тарапынан тиісті сақтандыру алу құқығына ие болады.
Халықаралық волонтерлер форумы
Бүгін елордада екінші күн қатарынан өтіп жатқан халықаралық волонтерлердің форумы – алда бірлесіп атқарар жұмыстардың жоспарын бекітіп алатын тамаша мүмкіндік. БҰҰ-ның Қазақстандағы тұрақты үйелстірушісі Микаэла Фриберг-Сторидің айтуынша, қазір осы еріктілердің жұмысы елде жақсы жолға қойылған. Оған 2020-ны Президентттің волонтерлер жылы деп жариялауы дәлел бола алады.
Микаэла Фриберг-Стори, БҰҰ Қазақстандағы тұрақты үйлестірушісі:
- Халықаралық волонтерлер форумы – бұл барлығымыз үшін үлкен мүмкіндік. Біз осы алаңға жиналып, өзекті мәселелерді талқылап, өзара тәжірибе алмасып жатырмыз. Волонтерлік бағыттағы сұрақтарды Қазақстанның көтергені қуантады. Қазір бұл елде еріктілердің саны артып, жұмыстары жақсы жүріп жатқанын көріп отырмыз.