Петропавл тұрғыны ауласын көне Еуропаға айналдырды

Петропавл қаласының тұрғыны тастардан ғажайып сарай салады.

Анвар Файзулин өзі тұратын жардың жиегіне биік қамал тұрғызып, ауласын көне Еуропаға айналдырды.

Анвар Файзуллин тура жардың жиегінде тұрады. Тік еңістен жыл сайын топырақ құлап, үйдің алды күл – қоқысқа толатын. Сондықтан зейнеткер баурайына тастан сарай салып, берік бекініс жасады. Енді бұл жер көне Еуропаға ұқсайды.    

Анвар Файзулин, қала тұрғыны:

- Өзіме да, адамдарға да ұнайды. Жардың жиегінде отырып күннің шыққаны мен батқанын көру тіпті ғажап. Бұған көп ақша да кетпейді. Ынта болса болды. Бәрі қолдың ісі. 

Шағын сарайлар қазір биік қорған болды. Шебер оларды барынша шынайы етіп салуға тырысқан. Тіпті мұнара, көпір, қақпаларына дейін айнымайды. Жардың жиегін мыңдаған таспен бекітті.  

Айдарбек Айтмұхамбетұлы, тілші:

- Анвар Файзулин жардың жиегін жасыл желекпен де көмкерген. Қазір бұл жерде шырша, қарағай, арша секілді қылқан жапырақты ағаштар өседі.  

Он саусағынан өнер тамған шебер кезекті туындысын жасауға кірісіп жатыр. «Бұл менің сүйікті ісім. Сондықтан уақыттың қалай өтіп кеткенін де байқамай қаламын», - дейді зейнеткер. 

Анвар Файзулин, қала тұрғыны:

- Бір бос орын бар. Сол жерге тағы бір мешіт салсам ба деймін. Мұнарасын тауып қойдым. Енді қасбетін сызып жасау керек. 

Анвар Фазулин биыл 70-ке толады. Ол өмірінде өзіне зәулім сарай салмаса да қайталанбас қамал тұрғызды. Бұл оның ғана жан сарайы. 

Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Төлеген Иманов