Елордадағы тамақ фестивалінде аспаздар құпияларымен бөлісті

Елорда күні әлі тойланып жатыр.

Бүгін орталық саябақта «Джабли фуд трак» фестивалі басталды. Онда, Астананың 25 жылдық мерейтойына орай 25 елдің ұлттық тағамы ұсынылды. Атақты кондитерлер шеберлік сағатын өткізіп, құпияларымен бөлісті. 

Орталық саябақтағы көрініс, әдеттегіден ерекше. Себебі арнайы құрылған шатыр астына түрлі елдің ұлттық тағамдары қойылған. Олардың арасында қазақтың бауырсағынан бөлек өзбек палауы, француз круассаны, италиялық паста мен грузин кәуабы бар. 

Альмира Оразбай, тілші:

- Бауырсақ – әр дастарханның сәнін келтіретін ұлттық тағамдардың бірі. Оның құрамында ұн, тұз, су және ашытқы бар. Мұндағы аспаздар өздерінің әзірлеу тәсіліне қарай бауырсақты пішінге келтіріп, қызып тұрған майға қуыруда. Ондағы негізгі мақсат – 2 күнде 400 келі бауырсақты дайындап, рекорд жаңарту. 

Динара Бекзадаева, аспаз:

- Үйге қонақ шақырсаң да бауырсақпен шақырасың міндетті түрде. Сондықтан Астананың 25 жылдығына осындай бауырсақтан біз сіздерге Астана қаласына тарту жасап жатырмыз. Мен тәжірибем бойынша күніне 2 адам болып, жәрдемшімен 200 кг бауырсақ істедік. 400 килограммға шамалап жатырмыз. Алдымызда 2 күн бар. Құдай қаласа, 400 кг-дан асырамыз. 

Фестивальдің аясы кең. Мұнда балаларға арналған шеберлік сағаты да өтіп жатыр. Олар өзге халықтың тіске басары мен жалпы кондитерлік өнімдерді әзірлеп үйренуде. 

Индира Бауыржан, кондитер:

- Бұл фестивальда біз хворост, балаларға қызық болу үшін осылай түрлі-түсті хворост дайындап жатырмыз. Біз ең алдымен қамырдың дайындалу жолын көрсеттік, илену жолын көрсеттік. Негізі хворост – татар халқының национальный дейді ғой, дастарханда әдемі көріну үшін олсылай түрлі-түсті етіп жасайды. Және мерекеге орай балаларға қызықты болу үшін түрлі-түсті етіп жасап жатырмыз.

Эльмира Сәрсеналиева, фестиваль ұйымдастырушысы:

- Фестивальдің мақсаты – саябаққа келген қала тұрғындары мен қонақтарының көңіл-күйін көтеру. Бір ғана Астанада түрлі этнос өкілдері өмір сүреді. Сондықтан бірнеше халықтың ұлттық тағамдарын негізге ала отырып, осындай шара өткізуді жөн көрдік.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, биыл алғаш рет ұйымдастырылған фестиваль алдағы уақытта да жалғасын табады. Жыл сайын елорда күні қарсаңында игі шараны өткізу жоспарланып отыр. 

Альмира Оразбай, Серік Қоңырбаев