Шымкентте жаз ортасында субұрқақтар жиі істен шығып жатыр

Бұған аптап ыстықта салқындайтын жер таппай жүрген жұршылық наразы.

Айтуларынша саябақтар мен басты көше бойындағы фонтандар әлі күнге дейін пайдалануға берілмеген. Ал салаға жауапты басқарма өкілдерінің сөзінше субұрқақтардың істен шыққан сорғысы мен тот басқан құбырларын жөндеуге мердігерлер енді ғана кірісіп жатыр екен.

Шымкентте 37 субұрқақ бар. Бірақ оның басым бөлігіндегі көрініске көпшіліктің көңілі толмайды. Себебі «талап бойынша сәуір айынан бастап субұрқақтар қалаға көрік беріп, шаһардың шаң-тозаңын басуы тиіс еді. Алайда халық көп шоғырланатын Жеңіс саябағы мен Абай паркіндегі, орталық көше бойындағы фонтандардың іске қосылғанынан тоқтап тұрған кезі көп»,-дейді.

Маржан Қаныбек, қала тұрғыны:

- Біздің қаламызда негізі осындай субұрқақтар өте көп. Бірақ оның қосулы тұрғаны санаулы-ақ. Тәукехан көшесінің бойындағы «Қызғалдақ» субұрқағымыз да істегенінен істемей тұрғанын жиі көреміз. 

Ал Шәмші Қалдаяқов аллеясы маңыдағы жасанды көлдің су деңгейі тартылып, арнасы кеуіп тұрғанына көп болды. Жергілікті жұрттың серуіндеп, сая табатын орны қазір қоқыс алаңына айналып, қараусыз жатыр.

Нұрсұлтан Мұхамеджан, тілші:

- Ел аузында «Маржан көл» атылып кеткен бұл орын да бірнеше жылдан бері қараусыз жатыр. Бүгінде жасынды көлге құятын барлық арнаның көзі жабылып, табаны кеуіп тұр. Ал күтімі жоқ жерге әсіресе жаз айларында сая іздеген көпшіліктің шағымы көп.

Дінмұхамед Хамзаев бұл орынды бала күнінен жақсы біледі. Айтуынша «жастықтың жарқын сәттері де осында өткен. Көл жиігінде күнге қыздырынып, суға шомылатын едік»,- дейді. Ал қазіргі көрінісіне қарап көңілі түсетінін айтады. Өйткені осындағы бұлақ көздері жабылып, тегіс бетондалған. Сондай-ақ Қошқар ата өзенінен құятын каналдың арнасы да бұрылған. Салдарынан көлдің аңқасы кеуіп, құрып барады.

Дінмұхамед Хамзаев, қала тұрғыны:

- Баяғыда кішкентай кезімізде келіп шомылатынбыз жаз уақытында бұл көлге. Ол кезде бұндай бетон ешнәрсе жоқ еді. Соңғы жылдары мынаған қарамай қойды ма су толтырмайды. Неге десеңіз!? Толтыратын болса 1-2 күннен кейін судың беті қатпарланып, көгеріп кетеді. Кешегі күнге дейін қарамаған еді мына жердің бәріне қамыс өсіп кеткен еді.

Қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасының мәліметінше субұрқақтарды күтіп-ұстауға қазынадан 68 миллион теңге қаражат бөлінген. Алайда мердігер мекеме енді ғана анықталды,- дейді. Өйткені мемлекеттік сатып алу конкурсының қатысушылары өзара соттасып, іс созбалаңға салынған. Салдарынан жеңімпаз компания істен шыққан 7 фонтанды енді ғана жөндеуге кіріскен. Ал қалған субұрқақ кезең-кезеңімен техникалық тексеруден өткізіледі. 

Мұхамеджан Сейітжанов, қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасының бөлім басшысы:

- Негізі бұл қыстан бері келе жатқан. Өздеріңізге белгілі мемлекеттік сатып алу конкурсы мердігерді анықтайды. Бір-біріне арыз жазған. Содан осылай созылған. Қазір шілденің 11-нен бастап договорын алды.

Биыл көпжылдан бері қараусыз қалған «Маржан көлді» Жайлы ортаны дамыту басқармасы өз қарамағына алды. Сала мамандарының сөзінше алдағы уақытта көл аумағында жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Арнасы суға толып, айналасы абаттандырылмақ. 

Авторлары: Нұрсұлтан Мұхамеджан, Самат Нағашбекұлы, Нұрмахан Бекмұратов