Маңғыстаулық шеберлер өнімдерін шетелге экспорттайды

Маңғыстаулық шеберлердің түйе жүнінен әзірлеген бұйымдары Қырғызстанда сатылымға шығарылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Айта кеткен жөн, аймақта «Бір ауыл – бір өнім» жобасы сәтті жүзеге асып келеді. Мәселен, Құрық ауылының 30-дан аса қыз-келіншегі тігін өнерін үйреніп, кәсіп ашуға мүмкіндік алып отыр.

Құрықтағы тігін цехында жұмыс қызу. Бір бөлмеде бірнеше әйел балаларға арналған қыстық аяқ киімнің түр-түрін жасап жатыр. Әсіресе байпақ пен шәркейге нарықта сұраныс жоғары дейді. Тазаланған түйе жүнін илеу, қалыпқа келтіру, түрлі-түсті жіппен көмкеріп пішу қолмен жасалады. Осылайша, жылы әрі ыңғайлы, экологиялық таза өнім дайындалады.

Анар Қошаева, Құрық ауылының тұрғыны:

- Бізден шығып жатқан өнімдерді сату, оларға орын белгілеу жөнінде ұсыныстар болды. Біз оны өте құптаймыз. Кеше ғана Қырғызстанға экспортқа жіберіп отырмыз. Бізде көптеген әйелдер бар, ауылдағы жұмыссыз әйелдер. Сонымен бірге мүмкіндігі шектеулі жандар бар. Және ағаштан, темірден жасайтын қолөнер шеберлерін біріктіріп, осы жерде жұмыс жасап жатырмыз.

Көршілес қырғыз, өзбек елінде мал жүнін өңдеп, әртүрлі бұйым жасау өндірісі жақсы дамығаны белгілі. Қазақстандық шеберлер «Бір ауыл – бір өнім» жобасы арқылы осындай деңгейге жетуге үмітті. Былтыр Маңғыстау өңірінде Құрық ауылы таңдалып, кәсіби ісмерлер жергілікті тұрғындарды ата кәсіпке баулыды. Мемлекет қолдауымен ашылған шағын кәсіпорында түйе мен қой жүнінен кәдесый, ойыншық, сырт және аяқ киімдер әзірленеді.

Сәуле Салихова, облыстық Іскер әйелдер қауымдастығының төрағасы:

- Бірінші партиямыз деп айтуға болады, Бішкек қаласына осы «Бір ауыл – бір өнім» жобасының жетекшісі өзі барып тапсырды. Қазақстан бойынша бірінші болып экспортқа шыққан деп айтуға болады. Бүкіл Қазақстанға үлкен жеңіс деп санаймын. Өйткені ауыл әйелдерінің қолынан шыққан дүниелердің шетелге шығып тұрғаны осы күн болып тұр. Біз үшін бұл – үлкен мақтаныш.

Айыр қалпақты ағайын сұраныс берген жағдайда маңғыстаулық шеберлер тауардың жаңа партиясын жөнелтуді жоспарлап отыр. Сондай-ақ Жапонияға экспорттауға дайындықты бастады. Ең басты мақсат, еліміздегі қонақ үйлерде отандық өнімдерді қойып, туристерді таңғалдырмақшы.  

Авторлары: Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев.