Ақмола облысында биыл 11 сүт-тауарлы ферма ашылады
Бүгінде соның екеуі пайдалануға берілді, деп хабарлайды «Хабар 24».
Жаңа нысандар толығымен іске қосылса, аймақтағы сүт зауыттарының жүктемесі 90%-ке жетуге тиіс. Шикізат тапшылығы да шешімін таппақ.
Сандықтау ауданындағы бұл шаруашылықта қазір 80 сауын сиыр бар. Асылтұқымды малды арнайы Австриядан әкелген. Осыған дейін шаруашылық иесі сүтті жақын маңдағы сүт зауыттарына өткізіп келгенін айтады. Енді ол мал басын көбейтіп, қуаттылығы 2 тонна болатын сүт фермасын салып жатыр.
Mарат Оразалин, шаруа қожалығының басшысы:
- Негізі мәселе – малдың азығы. Әсіресе сауынды сиырлардың тамағы жақсы болу керек. Бүгінде бұл сиырларға 15 құрамнан тұратын жем-шөп беріледі. Соның тек 11-і ғана бізде дайындалады. Қалғанын сатып алуға мәжбүрміз. Осы мақсатта біз осы жылы құрама жем зауытын салуды көздеп отырмыз. Барлық қажетті қондырғылар Германиядан сатып алынды.
Түлікке ерекше күтім қажет. Яғни, оларға жем-шөптен бөлек, арнайы дәрумендер де беріледі. Шаруашылықтағы мал дәрігері сиырларды күн сайын тексеріп, бақылап отырады.
Қуаныш Жұмағұлов, мал дәрігері:
- Малдың дертіне келетін болсақ, көбінесе тұяқ ауруы тіркеледі. Осының алдын алу үшін біз жылына 3 рет сиырлардың тұяғын кесіп, тазалап отырамыз. Егер мал ауырып қалса, ол оның сүтіне де әсер етеді. Сондықтан тұрақты түрде оларды тексеріп, бақылауда ұстаймыз.
Аймақта 56 сүт зауыты бар. Олар жылына 100 мың тоннадан аса дайын өнім шығарады. Сондай-ақ осы жылы жеңілдетілген несиелендіру есебінен 7 инвестициялық жоба жүзеге асады.
Қасым Итқұсов, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары:
- Ақмола облысына осы бағытта 15 млрд теңге бөлінді. 7 жобаны іске асыруды жоспарлап отырмыз. Импорттық 6 мың бас мал әкелінеді деп көзделген. Бұл жобалар биыл басталып, келесі жылы аяқталады. Аталған фермалар іске қосылса жылына қосымша 32 мың тонна сүт өнімін өндіруге мүмкіндік береді.
Өңірде сүт өңдейтін 14 ферма жұмыс істейді. Бүгінде олардың орташа жүктемесі тек 70% ғана. Ал аталған нысандар ел игілігіне берілсе өнім қуаты артып, 90%-ке дейін жетер еді.
Авторлары: Абзал Азаматұлы, Виктор Полянный.