Ә. Смайылов Жамбыл облысындағы су тапшылығы мәселесіне мән берді

Жамбыл облысын сумен қамтамасыз ету мәселесіне де Үкімет басшысы мән берді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Әлихан Смайыловтың айтуынша, қазір облыстағы 367 ауылдың 285-і ғана таза ауызсу бар. Облыс орталығы орталықтандырылған сумен 94%-ке, Шу қаласы 67%-ке қамтылған. «Шу және Талас өзендеріндегі су деңгейінің төмендеуіне, суару жүйелерінің тозуына байланысты облыс егіншілері жыл сайын судан тапшылық көріп отыр. Осы мәселелер бойынша шұғыл және түбегейлі шаралар қабылдау керек», - деді Премьер-министр. Осы тұста су үнемдейтін технологияларды белсенді пайдаланып, гидротехникалық құрылыстарды жаңғыртып, магистралдық каналдарды бетондау қажеттігін айтты. Оған қоса вегетациялық кезеңде суды ысырап етпес үшін 3 үлкен су қоймасы мен бірқатар шағын су қоймасын салуды тапсырды.

 

Үкімет басшысы бірқатар міндет жүктеді

Кеңес соңында Үкімет басшысы бірқатар тапсырма берді. Жамбыл, Жуалы, Қордай, Мойынқұм және Талас аудандарын газдандыруға қаржы қарастыруды жүктеді. Тараз, Жаңатас, Қаратау және Шу қалаларындағы көпқабатты үйлерді күрделі жөндеу мәселесін реттеу қажеттігін де айтты. Сондай-ақ биофармацевтикалық зауыт қуатын ұлғайту үшін жыл соңына дейін құрылыстың 2-ші кезеңін аяқтауға пәрмен берді.