Оралдағы балалар үйінің түлектеріне баспана қашан беріледі?
Оралда ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар мен жетімдерді тұрғын үймен қамту жұмысы тұралап қалды.
Былтыр бірде-бір пәтер берілмеген. Осы санат бойынша баспана кезегінде 2 мыңға жуық адам тұр. Саладағы түйткілді шешуге енді жергілікті прокуратура кірісті.
Алексей Жидков 4 жасынан бері осы балалар ауылында тәрбиеленіп жатыр. Бір үйде 9 жеткіншек тұрады екен. Олар бір-бірімен ағайындай болып кеткен. Алексей күнделікті үй шаруасында бәріне қолғабыс қылып жүр.
Алексей Жидков, отбасы үлгісіндегі балалар ауылының тәрбиеленушісі:
- Мен хоккей, футбол және баскетболды жақсы көремін. Жақында Алматыға жарысқа барамыз. Болашақта мен әскери қызметкер болғым келеді. Ол қызметте қолайлы жағдай жасалған деп естігенмін.
Жиырма жыл ішінде балалар ауылынан 200-ге жуық жас түлеп ұшты. Ал қазір 34 жеткіншек тәрбиеленіп жатыр. Кәмелет жасқа толған соң олар «Шаңырақ» мекемесіне уақытша орналастырылады. Заң аясында әрқайсына мемлекет тарапынан баспана берілуі кеерк. Алайда көбі ұзақ жылдан бері пәтер ала алмай жүр.
Разия Сүйіншәлиева, отбасы үлгісіндегі балалар ауылының директоры:
- Осы жерден тәрбиеленіп шыққан балаларымызды түгелдей тұрғын үй кезегіне тіркедік. Десе де тұрғын үймен қамту жұмыстары көңіл көншітпей тұр. 2009-2010 жылдары кезекке тұрған балаларымыздың өзі әлі баспаналы болмады. Кезек өте баяу жүріп жатыр.
Тұрғын үй кезегінде 22 мыңнан астам адам тұр. Ал оның 2 мыңға жуығы ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар мен жетімдер. 2010 жылдан бастап дәл осы санат бойынша 467 пәтер берілген. Прокуратура өкілдері баспанамен қамту механизмін қайта жетілдіру қажет екенін айтады.
Аслан Жаңатауов, облыстық прокуратураның басқарма бастығы:
- Ол санаттағы балаларға мемлекет бірінші кезекте үймен қамтамасыз ету керек. Алайда ол мәселенің қазір шешілуі тиісті деңгейде емес. Сол себепті негізгі шараларды айқындап, алдағы уақытта жұмысты жалғастыратын боламыз. Біздерде қазір тексерістер жүргізіліп жатыр.
Заңнамаға сәйкес мемлекет есебінен салынған әрбір тұрғын үй кешеніндегі пәтерлердің кемінде 20 пайызы жетім балаларға берілуі тиіс. Әйткенмен қалада бұл жүйе ақсап тұр. Былтыр бірде-бір пәтер берілмеді. Ал биыл қаншасы қамтылары белгісіз. Әкімдік өкілдері енді ел қазынасынан қосымша қаражат сұралып жатқанын жеткізді.
Әлихан Мыңжасаров, қалалық ТКШ бөлімінің сектор меңгерушісі:
- Қазіргі таңда Орал қаласы бойынша халықтың әлеуметтік осал тобына тұрғын үй салу мәселесі тоқталып тұр. Бірақ оның орнына республикадан қаражат бөлінуде. Сол қаралып жатыр. Бөлінген қаражатына сәйкес, біздер жеке кәсіпкерлерден тікелей сатып алу бағытында жұмыстанып жатырмыз. Ол сатып алынған үйлер тұрғынүй-коммуналдық теңгерімге бекітіліп, содан кейін кезекте тұрған адамдарға сәйкесінше бөлініп береді.
Прокуратура кешенді жоспар әзірлеп, жергілікті атқарушы және өкілетті органдарға жолдамақ.