Павлодарлық оқушылар бақша дақылдарын жинап жатыр
Өңірдегі Балалар мен жасөспірімдердің экология және туризм орталығында жемістің түр-түрі өседі.
Биыл өрік ағашы гүлдемепті. Есесіне алмұрт пен алма көп түскен. Құлпынай мен таңқурай да мол өнім берді.
Экология және туризм орталығының тарихы тереңде жатыр. Мекеме өткен ғасырдың ортасында үйірме негізінде құрылған. Мұндағы жылыжайда сирек кездесетін өсімдік түрлері өседі. Мектеп оқушылары қыста тропикалық, жазда дала өсімдіктерін күтіп баптайды.
Қарлығаш Қасиетова, тілші:
- Экология және туризм мектебінің жалпы аумағы 3,5 гектарды алып жатыр. Бұл жерде жеміс ағаштарының 200-ден аса түрі өсіріледі. Оның ішінде тек қана алманың 35 түрі, алмұрттың 6 түрі өсіп тұр
Алма ағаштарының сегіз түрін жергілікті селекционерлер шығарған. Жеміс ағаштары суыққа төзімді, солтүстіктің климатына бейімделген екен.
Қымбат Баймағамбетова, Экология және туризм орталығы бұқаралық ақпарат бөлімінің меңгерушісі:
- Жалпы алмұрт ағашы, алма ағашына бір ерекше күтім қажет емес. Суарып, шөбін дер кезінде алып отырса, осындай біз бүгін алып жатқандай дақыл, жемістер алуға болады. Жалпы біздің Балалар мен жасөспірімдер экологиялық туризм орталығына қала мектептерінен үш мыңнан астам тәрбиеленушілер келіп жатады.
Жас бағбаншылар үшін қауырт шақ басталды. Олар өз қолдарымен өсірген жеміс-жидектерін жинап жатыр. Жылыжай меңгерушісі Ахмет Қапашев балаларды өсімдіктануға баулиды. Көктемде көкөністің көшетін егуге қолқабыс еткен жеткіншектер енді өнім жинауға кіріскен.
Ахмет Қапашев, жылыжай меңгерушісі:
- Бұл жемістердің көбін біз сатуға қоямыз. Өйткені бізге қаражат керек қой мынаның түгелін ұстау үшін. Ендігі жылға тұқым, тыңайтқыштар алу үшін түгелі сатуға түсетін нәрселер.
Ахмет Қапашев бұл орталық ең бастысы балаларды адал еңбекке баулитынын айтады. Оқушылар экология, туризм, өлкетану бағытынан сабақ алады. «Зерде» бағыты бойынша ғылыми-тәжірибелік жұмыстармен айналысады.
Камила Ақжігітова, Экология және туризм орталығының тәрбиеленушісі:
- Маған бұл жерде өте ұнайды, өйткені мұнда әркім өзін қызықтырған дүниелерді табады. Мен қыста жылыжайда тәжірибе жинаймын. Ал жазда біз орталықтың аумағындағы жеміс-жидектерді, гүлдер мен өсімдіктерді күтіп-баптаймыз.
Орталықта келесі жылға әзірлік жүріп жатыр. Қазір құлпынай көшеттері отырғызылуда. Енді аз күнде гүл тұқымдарын жинауға көшеді.
Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Жеңіс Темірболат